Ерлан Біләл «Театр көктемі - 2011» фестивалінің Бас жүлдесін иеленді

АЛМАТЫ. 28 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «Театр көктемі - 2011» фестивалінің үздіктері анықталды.

Ерлан Біләл «Театр көктемі  - 2011»  фестивалінің Бас жүлдесін иеленді

Наурыз мерекесі мен Халықаралық театр күніне орай 24-27 наурызда өткен бұл шара КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ыдырыс Ноғайбаевқа арналды. Фестиваль реперуарына биыл М.Әуезовтың «Абай», «Еңлік-Кебек» трагедиялары, Н.Гогольдің «Үйлену», Ә. Рахимовтың «Қылмыскерге куәлік», Е. Жуасбектің «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» комедиялары енген еді. Олардың төртеуі биылғы, ал біреуі өткен театр маусымында сахналанған қойылымдар.

«2009 жылы - 9 аталым, 2010 жылы - 10 аталым бойынша жеңімпаздар анықталған болатын. Биыл ол 15-ке дейін жетіп отыр», - дейді қазылар алқасының төрағасы, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай.

Бас жүлде «Абай әлемі - сахна сәні» Есмұқан Обаевтың режиссерлігімен қойылған «Абай» трагедиясындағы Абайдың рөлі үшін Ерлан Біләлға берілді. Дулыға Ақмолда (Керім) мен Еркебұлан Дайыров (Айдар) «Екінші кезектегі ер адам», Баян Қажнабиева (Ажар) мен Қымбат Тілеуова (Қанікей) «Екінші кезектегі әйел», Берік Айтжанов (Әбіш) «Кейіпкерге сүйіспеншілік», Гүлнұр Шыңғысова (Мағыш) «Үміт» жүлдесін алды.

М. Ахманов сахналаған «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» комедиясында Данагүл Темірсұлтанова (Апа) мен Бақтияр Қожа (Ата) «Сахналық үйлесім, актерлік дуэт», Салтанат Бакаева (Эля) «Тұсаукесер» жүлдесінің иегері болды.

Ә. Рахимовтың авторлығымен және режиссерлігімен қойылған «Қылмыскерге куәлікте» Мұрат Нұрәсілов (Әкім) «Есте қалар кейіпкер», Шалқар Үркімбаев (Табан) «Көкейдегі кейіпкер» жүлдесін, В. Захаров қойған «Үйленуде» Саяжан Құлымбетова (Дуняша) «Тұсаукесер», Күнсұлу Шаяхметва (Агафья Тихоновна) «Есте қалар кейіпкер» жүлдесін иеленді. Ал Хусейн Әмір-Темірдің режиссерлдігімен қойылған «Еңлің-Кебекте» Айдос Бектемір (Кеңгірбай) «Сахналық дәстүр сабақтастығы» жүлдесін жеңіп алды.