Ерлан Қарин әйелдер мен балалар құқығын қорғау туралы заң жобасына қатысты пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин еліміздегі әйелдер мен балалар құқығын қорғау туралы заң жобасына қатысты пікір білдірді.
«Бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты заң жобасы бірінші оқылымда қабылданды. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін шешудің жан-жақты тәсілдері қарастырылған. Бұл құжат Президенттің былтыр күзде жариялаған Жолдауын жүзеге асыру аясында әзірленді. Жалпы, осы жобаға сәйкес түрлі заң актілеріне 70 түзету енгізу көзделіп отыр. Соның ішінде, отбасыларға көмек көрсету инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған өзгерістерді, сондай-ақ тұрмыс саласындағы қылмыстар және балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны күшейтуді атап өтуге болады. Мәселен, адамды ұрып-соққаны, денсаулыққа жеңіл, ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіргені, азаптап-қинағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді және күшейтілді», - деп жазды Ерлан Қарин Telegram-да.
Айтуынша, бұдан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін анықтауға және алдын алуға бағытталған бірқатар шара көзделген.
«Заң жобасын депутаттар мемлекеттік органдармен, сарапшылар қауымдастығымен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп әзірледі. Бұл құжатты дайындауға Балалар құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева белсене атсалысты», - деп атап өтті.
Бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мен іліспе құжат бірінші оқылымда мақұлданғанын жазған болатынбыз.