Ерлан Қарин елордадағы WTT Star Contender турнирінің жеңімпаздарын марапаттады

АСТАНА. KAZINFORM — Вице-президенті Ерлан Қарин Астанада алғаш рет өткен үстел теннисінен WTT Star Contender санатындағы халықаралық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне қатысты.

Ерлан Қарин елордадағы WTT Star Contender турнирінің жеңімпаздарын марапаттады
Фото: Видеодан скрин

— Осы күндері еліміз үстел теннисінен кезекті халықаралық ірі турнирді қабылдады. Астанада тұңғыш рет WTT Star Contender санатындағы дода ұйымдастырылды. Жарыс Қазақстан Республикасы Президентінің Ашық Кубогы аясында өтті, — деп жазды Ерлан Қарин. 

Бұл турнирге әлемнің 29 елінен 160 спортшы қатысты.

Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі жазбасында финалдық ойындарды тамашалап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне қатысқаны туралы жариялады. 

— Мұндай ауқымды турнирді елімізде өткізудің маңызы зор. Біріншіден, бұл жастарды спортқа ынталандырып, тенниске деген қызығушылығын арттырады, — деді Вице-президент.

Ерлан Қарин бұл жарыстың 2027 жылы Қазақстанда өтетін үстел теннисінен әлем чемпионаты қарсаңында маңызды екенін атап өтті.

— Бүгінгі турнир әлем біріншілігі алдындағы өз алдына бір дайындық іспетті. Қазақстан үстел теннисінен жаһан чемпионатын қабылдайтын Орталық Азиядағы алғашқы ел болмақ, — деді Вице-президент.

Айта кетейік, елімізде үстел теннисінен Қазақстан Президентінің ашық кубогі 15-20 қыркүйек аралығында елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) президенті Петра Сёрлингті қабылдады.