Ерлан Қарин: Кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатыр
«Үш күн бұрын ғана елімізде сайлау кампаниясы басталып кетті. Процесс айтарлықтай қызу жүріп жатыр. Кампанияға әртүрлі кандидаттар қатысуда. Ешкім де сайлау алаңынан ысырылып жатқан жоқ. Белсенді үгіт жұмыстарын жүргізу үшін бәріне тең мүмкіндіктер, бұқаралық ақпарат құралдарына тең қолжетімділік беріліп отыр. Билік шынында да ашық сайлау әрі бәсекелі күрес жүргізуге дайын отыр. Бұл - Қазақстан Президентінің принциптік тұрғыдағы позициясы. Елімізде болып жатқан сайлау процесі тағы бір ауқымды процесс - билік транзитінің бөлігі саналады. Алдағы кампания билік транзитінің ақтық кезеңі деуге болады», - дейді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, елде шынайы өзгерістер орын алып жатыр. Билік ашық түрде диалог жүргізіп, форматты кеңейтуде.
«Президент диалог процесін дамыту бойынша әртүрлі бастамаларды көтеріп отыр. Бұл - ауқымды жұмыстардың тек басы деуге болады. Оның жаңа форматтары да көп болмақ. Сол себепті, саяси процесс өте белсенді түрде жүруде», - дейді Ерлан Қарин.
Еске сала кетсек, 11 мамырда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат шаралары басталған болатын. Үгіт-насихат барысында кандидаттар өз сөзін ашық айтып, үгіттеуге мүмкіндік алды.
Биылғы сайлау осымен алтыншы рет өтіп отыр. Осы жолы ҚР Орталық сайлау комиссиясы жеті кандидатты тіркеді. Олардың ішінде «Nur Otan» партиясынан -Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан - Төлеутай Рахымбеков, Қазақстанның коммунистер партиясынан Жамбыл Ахметбеков, «Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан Әміржан Қосанов, «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан Сәді-Бек Түгел, Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясынан Амангелді Таспихов және «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Дания Еспаева бар.