Ерлан Қарин Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Ғылыми кеңесінің отырысына қатысты
Жиында институттың биылғы жылға жоспарланған талдау жұмысының негізгі бағыттары мен маңызды іс-шаралары талқыланды. Атап айтқанда, ҚСЗИ ел дамуының ішкі саяси үдерістері мен экономикалық үрдістерін зерттеуге, сондай-ақ сыртқы саяси ахуалды бағамдауға баса мән береді.
Өз кезегінде Мемлекеттік кеңесші институттың алдағы уақытта атқаратын міндеттеріне тоқталып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар айының басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында мемлекеттік саясаттың негізгі бағыт-бағдарын айқындағанын атап өтті. Сондықтан Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты басты талдау орталығы ретінде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясатты сараптамалық-талдамалық тұрғыдан қамтамасыз ету ісіне белсене атсалысуы керек.
Бұдан бөлек, Ерлан Қарин институттың аймақтардағы сарапшылар қауымдастығымен қарым-қатынасты нығайтуға, жас сарапшыларды қолдауға, халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуге, соның ішінде «Central Asia’s Affairs» журналын бірлесіп әзірлеуге қатысты жоспарлары мен бастамаларына оң баға берді.