Ерлан Қарин: Конституция - бұл ұлттың саяси манифесі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдегі конституциялық реформаларға қатысты ҚР Конституциясының 26-бабын өзгеріссіз қалдыруды ұсынған болатын. Осыған байланысты саясаттанушы, «Қазақстан» РТРК» АҚ басшысы Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық арна басшысының айтуынша, Елбасының Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысында жасаған мәлімдемесі саяси реформалардың маңыздылығын одан сайын арттырып отырған секілді.
«Конституция бұл тек қана құқықтық нормалардың жиынтығы емес, бұл ең бастысы, саяси құндылықтар мен принциптердің тұжырымдамасы, ұлттың саяси манифесті. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, бұл реформалар - сол енгізілетін өзгерістерден басқа, дамудың жаңа парадигмаларын айқындайтын сияқты. Оның бірі, Елбасы өз сөзінде айтқанындай, қоғамда принципиалды мәселелер бойынша консенсус, келісім болуы қажет. Бүгін осы қағидат тағы да көрініс тапты. Сондықтан, бұл реформаларды жәй Конституциялық өзгерістер деп емес, мемлекеттік саясаттағы парадигмалық өзгерістер деп қабылдау қажет», - деп жазады Ерлан Қарин фейсбуктегі парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, билік тармақтары арасында өкілеттіліктеді қайта бөлу жөніндегі реформалар аясында Президенттің бірқатар өкілеттіліктерін Үкімет пен Парламентке беру көзделген. Соның ішінде республикалық бюджетті бекіту де бар. Үкімет арнайы комиссияны да, бюджетті атқару тәртібін де өзі бекітеді. Ал Парламент ел қазынасын жұмсауды бақылап отырады . Осыған қатысты арнайы заң жобасы жақында Парламенттің қарауына енгізу көзделіп отыр. Ал Конституцияның 26-бабын Президенттің өзі өзгеріссіз қалдыруды ұсынды .