Ерлан Қарин: Тіл нормаларына қатысты мәселемен ең алдымен ғалымдар мен сала мамандары айналысуға тиіс

АСТАНА. KAZINFORM — Вице-Президент Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында тіл ғалымдарымен және сала сарапшыларымен кездесіп, тіл нормаларына қатысты мәселемен тек ғалымдар мен сала мамандары ғана айналысуға тиіс екенін мәлімдеді.

Ерлан Қарин: Тіл нормаларына қатысты мәселемен ең алдымен ғалымдар мен сала мамандары айналысуға тиіс
Фото: Kazinform

— Қазақ тілінің дамуына қатысты мәселелер ең алдымен ғалымдар мен тіл мамандарының арасында пысықталуы керек. Әуелі ғалымдардың тәжірибесі мен білімі, осы саладағы кәсіби қауымдастықтың сараптамасы болуға тиіс. Әрбір шешім ғылыми дәлелге, тілдің ішкі заңдылықтарына және қоғамның нақты қажеттіліктеріне сүйенуі шарт, — деді Ерлан Қарин.

Еске сала кетейік, бір апта бұрын Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайына қатысып, жұртшылыққа бағдарламалық сипаттағы сөзін арнаған болатын. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің өркендеуіне қатысты өзінің тұжырымдамалық ойларымен бөлісті. Бірқатар өзекті мәселеге назар аударып, нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Президент қазақ тілінің емлесін және ережесін жүйелеу, сөздіктерді жаңарту, қолданыстағы сөздер мен ұғымдардың бірізділігін реттеу, сөздік қорымызды цифрлық форматқа көшіру секілді аса маңызды мәселелерге кеңінен тоқталды.

Мемлекет басшысының осы тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Сарапшылар тобы құрылады. Оның құрамына А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері, жоғары оқу орындарының білікті тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар, ІТ саласының өкілдері енбек.

Айта кетейік, бұған дейін Ерлан Қарин әл-Фараби, Абай және Ясауи мұрасын білім беру жүйесіне енгізу қажеттігін айтқан еді.