Ерлан Қарин: жастар – Мемлекет басшысы бастамаларының негізгі қозғаушы күші

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жастар ұйымдарының жетекшілерімен кездесті.

Ерлан Қарин
Фото: Kazinform

Ол еліміздің прогрессивті дамуындағы жастардың басты рөлін атап өтті:

– Бүгінде мемлекет жастарға қолдау көрсетіп қана қоймай, жүргізіліп жатқан реформаларда олардың шешуші рөл атқаратынына сенім артып отыр.

Мемлекет басшысы әрбір сөзінде жастарға арнайы үндеу айтуы бекер емес. Президентіміз еліміздің жасампаз күн тәртібін қалыптастыруда және ілгерілетуде жастардың шешуші рөл атқаратынын айрықша атап көрсетеді.

Сондықтан мемлекет жастарды басқарудың барлық деңгейінде шешім қабылдау үдерісіне белсенді түрде тартады. Жастардың Парламенттегі, мәслихаттардағы, қоғамдық кеңестердегі өкілдігі айтарлықтай артты. Президенттік жастар кадр резервіне қатысушылар жауапты лауазымдарға тағайындалады. Яғни, «жастар үшін емес, жастармен бірге» деген жастар саясатының басты қағидасы іс жүзінде жүзеге асырылып жатыр. 

Өз кезегінде өскелең ұрпақтың ел болашағы үшін жасампаздық әлеуетін жүзеге асыруға талпынысы артып келеді. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы бастамаларының негізгі қозғаушы күші – жастар. Бұған жақында жүргізілген сауалнамалар да дәлел. Президент бәрінен бұрын жастарды көбірек қолдайды – 90 пайыздан астам.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекеттік кеңесші конфессияаралық келісімді нығайту мәселесіне арналған жиын өткізген болатын.

Соңғы жаңалықтар