Ерлан Қарин жемқорлықпен күрес бойынша бірқатар тапсырма берді
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорда.

Жиында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Ыстанбұл жоспарына сәйкес мониторингтің бесінші раундын жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.
Іс-шара барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері салаға қатысты ұлттық заңнаманы және халықаралық стандарттарды енгізу арқылы құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру бойынша қабылданған шаралар туралы баяндады.
Ерлан Қарин өз сөзінде Мемлекет басшысының Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен ықпалдастыққа баса назар аударатынын атап өтті. Бұл ұйымның жоғары стандарттары экономиканың түрлі салаларымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін де қамтиды.
Жиын соңында Мемлекеттік кеңесші шетелдік сарапшылардың ұсыныстарын жүзеге асыруға және аталған беделді халықаралық ұйыммен байланысты одан әрі нығайтуға қатысты бірқатар тапсырма берді.
Бұған дейін, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық көптомдық басылымның ғылыми-редакциялық алқасының көшпелі отырысы өткені хабарланды.