Ерлан Қариннің ұсынысымен өтетін байқау биыл республикалық деңгейде ұйымдастырылмақ
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Ерлан Қариннің ұсынысымен саясаттану мамандығы бойынша білім алатын студенттер арасында өтетін байқау биылдан бастап республикалық деңгейде өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталған ЖОО баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Зияткерлік байқаудың жеңімпаздары үшін арнайы танымал ғалымдардың: Т.Т.Мұстафин, С.Е.Жүсіпов, М.С.Машанов және Н.Э.Масанов атындағы шәкіртақылар тағайындалады.
ҚазҰУ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ерлан Кариннің ұсынысы негізінде жыл сайын өтетін байқау әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Саясаттану және саясаттану технологиялары кафедрасында 2011 жылдан бері өткізіліп келеді.
«Осы уақытқа дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің үздік 20 студенті арнайы шәкіртақы алып келді. Бүгінгі таңда берілген шәкіртақының көлемі 2 миллион теңгені құрап отыр. Байқауға қазақстандық барлық жас ғалымдар қызығушылық танытты. 2016 жылы Қазақстан Саяси ғылымдар ассоциациясы байқауды республикалық деңгейде өткізу туралы шешім қабылдады. 2017 жылы академиялық бәсекелестіктің шарты бойынша енді байқауға еліміздегі барлық ЖОО-ның саясаттану мамандығы бойынша білім алатын студенттері қатыса алады», - деді ҚазҰУ баспасөз қызметінен.
Байқау студенттерді ғылыми зерттеуге машықтану және саяси білімге ынталандыру үшін сонымен қатар, дарынды жастарды анықтап, қолдау көрсету үшін өткізіледі.