Ерлан Қиясов пен Ажар Ғиният ертең вакцинаның екінші дозасын салдырады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ертең, 22 ақпанда денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Нұр-Сұлтандағы №6 қалалық емханада коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник V» вакцинасының екінші дозасын салдырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Instagram-дағы аккаунтына сілтеме жасап.

Ерлан Қиясов пен Ажар Ғиният ертең вакцинаның екінші дозасын салдырады

«Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық талаптарды сақтау мақсатында вакцина салатын медициналық нысанға БАҚ өкілдерінің кіруіне шектеу қояды.
Сағат 9-00-де Хабар24 телеарнасы оқиға орнынан тікелей трансляция жасайды (https://24.kz/ru/live-24-kz) және Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook ресми парақшасынан: https://www.facebook.com/MinzdravRK / көре аласыздар, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінен.
Естеріңізге сала кетейік, А.Ғиният пен Е. Қиясов коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 2021 жылғы 1 ақпанда №6 қалалық емханада алған болатын.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 1 ақпаннан Қазақстанда халықты ерікті түрде кезең-кезеңмен вакцинациялау науқаны басталды. «Спутник V« вакцинасының бірінші партиясы Қазақстанға 22 мың доза көлемінде жеткізілді және өңірлерге таратылды.

Вакцинаны кәмелетке толған азаматтар ғана алады. КВИ-ға қарсы вакцинация 2021 жылдың соңына дейін жалғасады, оған 6 млн адам қатысады деп жоспарлануда.