Ерлан Қошанов Әлихан Смайылов Үкіметінің жұмысына баға берді

Ерлан Қошанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұрынғы Үкіметтің жұмысына баға беріп, жаңа Премьер-Министр қызметіне неліктен Олжас Бектеновты таңдағандарын түсіндірді.

«Бұрынғы Үкімет туралы айтар болсақ, оған Мемлекет басшысы өз бағасын берді. Мен бұл Үкіметтің жұмысында үлкен сәтсіздік болды деп айта алмаймын, оған макроэкономикалық көрсеткіштер дәлел. Экономикалық өсім 5%-дан асты, инфляция екі есе төмендеді. Елге инвестициялар да жақсы көлемде келді. Сонымен бірге, әрине, жылдар бойы қордаланған жылу энергетикасы, жалпы энергетика, инфрақұрылым, несиеге бату секілді шешілмеген мәселелер болды. Бірақ біз бұл жауапкершілікті, саяси жауапкершілікті сол Үкіметпен бөлісеміз», - деді Ерлан Қошанов Мәжіліс кулуарында.

Сонымен бірге, Е. Қошанов Мәжілістің жаңа Үкіметке сенім білдіргенін айтты.

«Біз қазіргі Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсындық, өйткені Президент жаңа серпін қажет екенін, алға жаңа міндеттер қойылғанын айтты. 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есеге арттыру қажет, ол үшін экономиканың жыл сайынғы өсімін кемінде 6% қамтамасыз етуіміз керек. Капиталды қайтару бойынша үлкен міндеттер тұр. Сондықтан жаңа адамдар қажет болды, сондықтан біз Бектеновтың кандидатурасы ең қолайлы деп санадық», - деп түсіндірді Ерлан Қошанов.

Бұған дейін Мәжіліс төрағасы атышулы Қ.Бишімбаевтың сот процесі туралы тілшілер сұрағына жауап берген еді.

 

Соңғы жаңалықтар