Ерлан Қошанов ТүркПА жұмысының басым бағыттарын атады
АСТАНА. KAZINFORM – Түркі мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының пленарлық отырысында Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов бауырлас елдер арасындағы парламенттік дипломатияның басым бағыттарын атады.

– Аманат арқалаған депутат ретінде халықтарымыздың ниеті мен арман-мұратын жақсы білеміз. Әрине, ең әуелгі мақсатымыз – көшбасшыларымызға тірек бола отырып, тағдыршешті шешімдерді заңнамалық тұрғыда қолдау. Дегенмен, Парламент заң қабылдайтын институт қана емес. Ол – ұлттарымызды ұйыстыратын, елдерімізді жақындастыратын, заңнамаларымызды үндестіретін алтын көпір. Біздің басты әрі тарихи миссиямыз осы деп ойлаймын. Әсіресе, қазіргі аумалы-төкпелі заманда парламенттік диалог пен дипломатияға зор жауапкершілік жүктеліп отыр, - деді Е. Қошанов.
Мәжіліс төрағасы сондай-ақ парламенттік дипломатия арқылы бірнеше бағытта жұмысты жандандыруды ұсынды.
– Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Экономика, сауда, білім беру, экология және басқа да салалардағы нормаларды біріздендіруде ұйымның рөлін күшейтуге тиіспіз. Парламенттік дипломатия арқылы біз бірнеше бағытта жұмысты жандандыруымыз қажет деп санаймыз, - деді ол.
Ол бағыттар:
– халықаралық парламенттік ұйымдармен өзара ықпалдастықты күшейту;
– түркі елдерінің мүддесін алға тартып, басқа да форумдарда өкілдік ету;
– гуманитарлық байланысқа серпін беружәне бәрімізге ортақ түркі мәдени мұрасын, дәстүрлер мен тілдерді сақтауға бағытталған бастамаларды ілгерілету;
– тәжірибе алмасу, тың идеяларды ортаға салу мақсатымен бірлескен парламенттік форумдар өткізу.
Бұған дейін Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы парламенттерінің спикерлері Ұлттық ғарыш орталығына барып, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің жұмысымен танысқанын жазған едік.