Ерлан Қошанов ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының іс-шараларына қатысты

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Парламент делегациясы Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы кеңесінің кезекті отырысы мен жалпы отырысына қатысты, деп хабарлайды Kazinform.  

Қошанов
Фото: Т.Таныбаев

Ерлан Қошанов өз сөзінде Қазақстанның 2024 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымында төрағалығы кезеңіндегі басымдықтары жайлы айтты. 

Қошанов
Фото: Т.Таныбаев

«Өздеріңізге белгілі, 2024 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымына төрағалықты қабылдайды. Минскіде өткен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің қарашадағы сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан төрағалығының басым бағыттарын атап өтті», – деді Мәжіліс спикері.

Басымдықтардың қатарында ҰҚШҰ-ның мүдделі елдермен және қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін халықаралық құрылымдармен, соның ішінде БҰҰ, ТМД және Шанхай ынтымақтастық ұйымымен серіктестікті тереңдету мәселелері бар. Әскери кадрларды даярлау жүйесін, ұйымның әскери-ғылыми және бітімгершілік әлеуетін дамыту бөлігінде нормативтік-құқықтық базаны жетілдірудің маңызы зор.

Сондай-ақ қару-жарақтың, оқ-дәрілердің, есірткінің заңсыз айналымына қарсы бірлескен жұмысты күшейту жоспарланып отыр. ҰҚШҰ жауапкершілігі аймағындағы төтенше жағдайлардың, киберқылмыстың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі практикалық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылады. 

Қошанов
Фото: Т.Таныбаев

Ерлан Қошанов ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының ұйымға мүше мемлекеттердің мүдделерін ескере отырып, ұлттық заңнамасын дамыту мен үйлестіруге қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы қатысушы елдердің парламенттері арасындағы тиімді ынтымақтастықтың айқын мысалы ретінде Парламенттік Ассамблеяның тұрақты комиссияларының қызметіне тоқталды.

«Қазақстанның төрағалығы кезеңінде бірлескен күш-жігермен және ҰҚШҰ мен оның Парламенттік Ассамблеясының жұмыс органдарының сараптамалық қолдауының арқасында біз ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайту ісінде жемісті жұмыс істейтінімізге сенімдімін», – деді Ерлан Қошанов.