Ерлан Қошановтың қалалық қоғамдық көліктердің жұмысына көңілі толмайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов аппараттық жиналыс барысында қоғамдық көліктердің жұмысына қанағаттанбайтынын білдіріп, қала басшылығына сөгіс айтты, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров әзірге тек ауызша ескертпе алды, ал оның орынбасарына тәртіптік жаза қолданылады. Аймақ басшысы бір ай уақыт аралығында барлығын тәртіпке келтіруді қатаң тапсырды.
«Менің тапсырмам бойынша арнайы топ екі апта бойы Қарағандыдағы қоғамдық көлік жұмысын қадағалап шықты. Аталмыш тексеріс нәтижелері мен қорытындылар ойға қонымсыз», - деді Ерлан Қошанов.
Облыс әкімі әрбір ескертпелерді тармақтап атап шықты. Біріншісі - бағыттар кестесі жоқ, аялдамаларда маршрут кестесі жазылған тақтайшалар жоқ. Екіншіден - маршруттарда белгіленген автобустар саны сәйкеспейді. Үшіншіден - қарбалас сәттерде автобустар аялдамаларда күтіп тұрған жолаушыларды керек қылмай, өтіп кетеді. Төртіншіден - жолаушы тасымалдайтын көліктердің жүргізушелері үнемі жол ережелерін бұзады.
«Тендерлік құжаттамада маршрутта 17 автобус көрсетілген, ал іс жүзінде күн сайын тек 9-10 көлік шығады. Осы секілді жағдайда қандай тұрақтылық болуы мүмкін? Автобус жүргізушілерінің барлық жұмысы табыс табуға ғана бағытталған. Сондықтан жолаушылар үшін олар тартыс, жарыс өткізеді», - деп наразылығын білдірді Ерлан Қошанов.
Ол жолаушы тасымалдаушылардың жұмысына тұрғындар тарапынан көптеген шағымдар келіп түсетінін айтты.
«Қала басшылығы автопарктермен жұмыс жасамайды. Ешкім оларды тәртіпке шақырмайды. Жолда жүру мәдениеті тіптен жоқ. Осындай жағдай тек Қарағандыда ғана. Теміртау және басқа қалаларда автобус жүргізушілері тіпті галстукпен жүреді», - деп салыстырды аймақ басшысы. Барлығын тәртіпке келтіруге ол бір ай уақыт берді.
«Осы мәселе бойынша мен Қарағанды қаласының әкіміне ескертпе айтамын. Ал әкімнің көлік мәселелерін қадағалайтын орынбасарына тәртіптік жаза жариялансын. Қоғамдық көлік және автомобиль жолдары басқармасы, сіздерге де сөгіс айтамын. Бұдан әрі басқаша қорытынды жасайтын боламыз, - деп ескертті Ерлан Қошанов. - Бір айдан соң бұл мәселеге қайта ораламыз. Барлығын ретке келтіріңіздер. Автопарктермен жұмыс істеңіздер. Қандай да бір әсер ететін тетіктеріңіз болса, соларды қолданыңыздар».
Сонымен бірге жолдардағы тәртіпке қатаң бақылау жүргізуді облыс әкімі жергілікті полиция қызметіне де тапсырды.