Ерлан Қожағапанов: Астанадағы ауыр атлетикадан Азия чемпионаты еліміз бен өзге елдердің жаңа жұлдыздарын шығаратыны даусыз

АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - 21 маусым күні Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде ерлер мен әйелдер арасындағы ауыр атлетикадан Азия чемпионатының салтанатты ашылуы болып өтті.

Ерлан Қожағапанов: Астанадағы ауыр атлетикадан Азия чемпионаты еліміз бен өзге елдердің жаңа жұлдыздарын шығаратыны даусыз

Қазақстан мемлекетінің Әнұранымен ашылған маңызды шара мәдени сән-салтанатымен ерекшеленді. Шетелден келген қонақтар алдында қазақ халқының ән мен күй өнері паш етілді. Осы кеште жиналған қонақтар елімізде ауыр атлетиканың дамуы 1930 жылдардан бастау алатыны туралы, Қазақстанның Кеңес одағы құрамында болған кезіндегі әйгілі спортшылар және тәуелсіз мемлекеттің туын көкке көтерген толағайларымыз жайлы бейнекөрсетілімді тамашалады.

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Ерлан Қожағапанов: «Әлемде ауыр атлетиканың қарқынды дамып келе жатқаны баршаңызға мәлім. Біздің елімізде де спорттың осы түрі жақсы даму үстінде деп мақтанышпен айта аламыз. Оған дәлел - Лондонда өткен Олимпиададағы қыздарымыз бен Илья Ильиннің жетістіктері, алтын медальдары. Болашақта да жетістіктеріміз жоғары болады деп үміттенеміз және сенеміз!»,- деді.

Одан әрі сөзін жалғаған агенттік төрағасы Азия чемпионатының тамаша көрікті және жас Астанамызда өтіп отырғаны біз үшін үлкен қуаныш екенін, мұның бәрі ел Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауы мен ерекше мән беруінің арқасында жүзеге асып отырғанын атап өтті.

«Бұл чемпионат біздің еліміздің және өзге мемлекеттердің өкілдері арасынан көптеген жаңа жұлдыздарды шығаратыны даусыз. Мен осы чемпионатты өткізуге қолдау жасағаны үшін Азия ауыр атлетика федерациясына айрықша ризашылығымды білдіремін. Бұл додаға қатысуға келген спортшыларға да алғыс айтамын»,- деді Ерлан Қожағапанов.