Ерлан Нысанбаев алдағы 10 күнгі ауа райы болжамын жариялады

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы 10 күнде еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мол түседі. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

ауа райы
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Болжамға сәйкес 2024 жылдың 1-10 сәуір аралығында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райының тұрақсыздығы күтіледі. Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын нормаға жақын, ал елдің оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нормадан көп болады деп болжанып отыр. Сәуірдің бірінші онкүндігінің басында және екінші жартысында республиканың басым бөлігінде түнгі уақытта жаңбыр түріндегі жауын-шашын қарға ауысып, күндіз жаңбыр жауады деп болжанды. Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жаңбыр болады», - деді министр.

Оның дерегінше, қатты жауын-шашын республиканың шығысында 3 және 10 сәуірде, орталықта және оңтүстік-шығыста 8-9 сәуірде, Түркістан, Алматы облыстарында және Жетісу облысында 9 сәуірде болады деп болжанып отыр. Жауын-шашынның тоқтауы елдің батысында бірінші онкүндіктің басында, республиканың көп бөлігінде онкүндіктің ортасында болуы мүмкін. Онкүндіктің басында солтүстікте, солтүстік-батыста, шығыста, елдің орталығында ауа температурасының төмендеуі түнде 2-7 градус аязды, күндіз 3-8 градус жылуды көрсетеді. 4 сәуірден бастап біртіндеп түнде 0-5 градус жылуға дейін, күндіз 12-20 градусқа дейін жоғарылайды, ең жылы температура 5-7 сәуірде болады және онкүндіктің соңында температура төмендейді.

«Росгидрометтің мәліметі бойынша, Ресей аумағында қардың қарқынды еруіне байланысты Жайық өзенінің бассейнінде мұздың бұзылуы және су деңгейінің көтерілуі басталатынын айтып өткен жөн. Осыған байланысты сәуір айының екінші жартысында Орал өзенінің бассейнінде жыл сайынғы су тасқыны болады деп болжанды. Гидрологиялық және метеорологиялық жағдайлар күрт өзгерген жағдайда, Қазгидромет су тасқыны қаупі туралы дауылды алдын ала ескертумен хабардар етуді жалғастыратын болады», - деді Ерлан Нысанбаев.