Ерлан Нысанбаев АӨСШК министрлеріне: Біз киік санын 21 мыңнан 2,8 млн басқа дейін көбейте алдық
АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше мемлекеттердегі әріптестеріне тұқымы құруға жақын қалған киік санын 20 жылдың ішінде қалай көбейткенін айтты.

«Біздің мемлекеттер (АӨСШК-ге мүше елдер -ред.) өсімдіктер мен жануар қорының көлемі бойынша әлемде жетекші орындарда тұр.
Бізге өзіміздегі сирек кездесетін жануарлар популяциясын сақтау бағытындағы ынтымақтастықты жандандыру қажет.
Мысалы, Қазақстанның Еділ-Жайық киіктерінің популяциясын қалпына келтірудегі оң тәжірибесі бар. Орал популяциясындағы ақбөкендердің саны 2003 жылы 21 мың бас болса, биыл 2,8 миллионға дейін өсті», - деді ол АӨСШК-ге мүше мемлекеттер министрлерінің экология мәселелеріне арналған конференциясында.

Сондай-ақ, ол 2025 жылы Іле мен Балқаштың бойындағы 415 мың гектар аумаққа Ресейден 3-4 бас жолбарыс жіберу жоспарда бар екенін айтты.
«Біз АӨСШК елдерінің сирек кездесетін және қоныс аударатын жануарлар түрлерін сақтау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынамыз», - деді министр.