Ерлан Нысанбаев АӨСШК-ге Орталық Азияда жасанды орман егу орталығын құруды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) мүше мемлекеттерді шөлейттенуге қарсы жобаларды қаржыландыруға шақырды.

Нысанбаев
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Мұндай бастаманы ол елордада өткен АӨСШК министрлерінің экология мәселелеріне арналған конференциясында көтерді.

«Шөлейттенуге және жердің тозуына қарсы күрес біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі бола алады. Орман экожүйесін қалпына келтіріп, жерді деградациядан қорғау биоалуандылықты сақтауға ғана емес, миллиондаған адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі. Осыған байланысты біз Орталық Азиядағы шөлді және шөлейт аймақтарына жасанды орман егу орталығын құруды ұсынып отырмыз», - деді министр бейне конференцияда.

Оның айтуынша, аталмыш орталық шөлейттенудің алдын алып, оның зардаптарын жоюға бағытталатын ресурстарды, білім бен тәжірибелерді ортақ арнаға біріктіреді.

жиын
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«Қазақстан өз тарапынан тәжірибе алмасып, ғылыми зерттеулер жүргізуге және салаға қажетті маман даярлайтын алаң ұсынуға дайын. Біз АӨСШК елдері мен халықаралық қаржы ұйымдарын осы бастамаға қосылуға және осы мәселеде қаржылық қолдау көрсетуге шақырамыз», - деді Ерлан Нысанбаев.

Соңғы жаңалықтар