Ерлан Нысанбаев ірі орман өрті тіркелген өңірлерді атады
АСТАНА. KAZINFORM – Биыл республика ормандарының 36 мың гектары өртке оранды. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты.

«Қабылданған шаралар орман өрті алаңын 2023 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 3 есеге, оның ішінде орманмен көмкерілген жерлерде – 5 есеге азайтуға мүмкіндік берді. Республика ормандарында жалпы алаңы 36,2 мың гектар құрайтын 161 өрт тіркелді, оның ішінде орманмен көмкерілген жерлер - 12,4 мың гектар. Бұл ретте, биыл жоғарғы жалды өртке ауысу фактілері тіркелмеді. Әкімдіктерге қарасты ормандарда жалпы алаңы 30,5 мың гектарды құрайтын 71 өрт тіркелді», - деді министр.
Оның дерегінше, көлемі үлкен орман өрттері келесі облыстардың орман мекемелері аумақтарында жол берілген:
Жамбыл облысы – 19,1 мың гектар, оның ішінде орманмен көмкерілген жерлер – 11,2 мың гектар;
Атырау облысы – 10,4 мың гектар, оның ішінде орманмен көмкерілген жерлер – 463 гектар.
«Осы өрттердің негізгі себептері – дала өртінің мемлекеттік орман қоры аумағына өтуі. Министрлікке қарасты ормандардың жалпы аумағы 5,7 мың гектарында 90 өрт тіркелді, оның 5,6 мың гектары Іле-Балқаш резерваты аумағында. Бұл ретте, өрттің көбі – 66 оқиға Ертіс өңірінің қарағайлы ормандарында: Семей орманында – 43, Ертіс орманында – 23 оқиға орын алды. Негізгі себеп – найзағайдың түсуі. Өрттердің жалпы алаңы небәрі 12 гектарды құрайды. Ал бір өрттің аумағы 0,2 гектардан аспайды», - деді Ерлан Нысанбаев.