Ерлан Саиров: Елбасы мақаласында Тәуелсіз мемлекеттің күн тәртібі айқындалып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіз мемлекеттің өз «күн тәртібі» болуы қажет! Тәуелсіз күн тіртібі дегеніміз осы болса керек! Бүгін «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына байланысты белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ерлан Саиров: Елбасы мақаласында Тәуелсіз мемлекеттің күн тәртібі айқындалып отыр

«Екі күн бұрын мен осы парақшада «қазақ болған, бар және бола береді» деп жазған едім. Біз «қым-қиғаш», «шұғыл бұрылыстары» көп, былайша айтқанда турбулентті заманға кіріп бара жатырмыз. Ертең бүгінгі болып жатқан күрделі геосаяси, геоэкономикалық үрдістер (процестер) «жұмақ күні» болып көрінуі ықтимал. Әлем гибридті ойындар дәуіріне бет алды. Сырттан келетін тәуекел мен қауіп-қатер күннен күнге қабатталып келеді», - деп жазады саясаттанушы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның пайымынша, бұндай қысылтаяң заманда Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде мемлекеттік институттарды дамыта отырып, өзінің негізгі құндылықтарын айқындап алуы өзекті мәселе. Сонымен қатар, ол қазақтың мәдени коды, қазақи салт-дәстүрдің болашаққа жағымды әсері, ұлтымыздың мәдени құндылықтарын экспорттау туралы мәселе көтеріп жүргенін алға тартады. Осы басым бағыттарды «неге мемлекеттік деңгейде көтермейді екен, ертең кеш болады ғой...» деп қапыда қалып, мемлекеттің осы позициясын сынға да алған кездері болғанын еске алады.

«Өйткені жақын болашақта мәдениет дегеніміз экономикалық категорияға айнала отырып, кімнің мәдениетінің тамыры тереңде, сол халық озық болатын кезеңге де жетеміз. Ол анық», - дейді Е. Саиров.

Сонымен бірге, саясаттанушы «Егемен Қазақстан» үнжариясында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» атты мақаласын оқып шыққанын, оның жақсы әсер қалдырғанын айтады. Онда ұлтымыздың мәдениетін жаңғыртудың жаңа белестерін көріп отырғанын жеткізеді.

«Көп сөзден гөрі нақты іс жасаған пайдалы. Құс қанатын қақпаса, артқа шегінбейді, ол құлайды. Дәл сол сияқты еліміздің ұлттық рухани-мәдени құндылықтарын модернизация жасамаса ұлтымыздың болашағы бұлыңғыр. Осы мақалада қазақ халқының рухани модернизациясының бағдары көрініп тұрғаны анық. Біріншіден, қазақтың салт-дәстүрі, мәдени коды болашағымыздың негізгі бағдары деген тұғырнама ресми түрде пайда болды. Мені бұл мәселе қуантады. Екінші - 2018 жылдан бастап латын әрпіне көшу процесі басталады. Мектептерде, жоғары оқу орындарында оқулықтарды латын әрпіне көшіру процесі лезде басталайын деп отыр. Бұл қуантарлық мәселе. Еліміз әлемнің 80 пайызынан астам халқы еркін қолданатын мәдени кеңістікке кіреміз. Сонымен бірге, бұл жаңа технологиялар мен жаңашылдықтың жаңа бір бет-пердесі ашылады деген сөз!» - дейді Ерлан Саиров.

Айта кетерлігі, Елбасы 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауды жүктеген болатын. Ал 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісу жоспарланған.

«Үшіншіден, гуманитарлық мамандықтарды даярлайтын барлық кафедралар қалпына келетін болды. Бұл бұрыннан бері біздің айтып-айтып, мезі болып, жілігінің сіңірі майдаланып кеткен мәселе. Яғни, қазақ халқының тарихы, салт-дәстүріне басымдылық беріледі деген сөз. Төртіншіден, алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік даярлануда. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға жоспарланған.

Бесіншіден, «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы ұсынылуда. Ішкі рухани туризмді дамытудың алғышарты. Ұлтымызды өз тарихы мен мәдениеті үшін мақтану, оны жете білудің нағыз керек тетігі.

Алтыншыдан,  «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру жоспарлануда. Бұл мәселе біздің ойлағанымыздан асып түсіп отыр! Рухани модернизация дегеніміз осы. Шыны керек, мен өз көзіме сенбей отырған жағдайым бар! Өте қажетті, өзекті шешімдер кешені, мен толығымен қолдаймын! Тәуелсіз мемлекеттің өз «күн тәртібі» болуы қажет! Тәуелсіз күн тіртібі дегеніміз осы болса керек», - деді Ерлан Саиров.