Ерлан Сайыров: Ең бастысы – елде конституциялық тәртіпті қалпына келтіру
«Қазір ғана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа үндеу жолдады. Кез келген елдің тұрақты дамуының басты шарты – конституциялық тәртіп пен заң. Сондықтан Мемлекет басшысы қазақстандықтарды төтенше жағдайдың барлық заңды шараларын ұстануға шақырды. Қазіргі таңда ең бастысы – елімізде конституциялық тәртіпті қалпына келтіру», - деді Ерлан Сайыров «ҚазАқпарат» тілшісіне телефон арқылы берген пікірінде.
Оның айтуынша, тек заң мен құқықтық тәртіп аясында табысты мемлекет туралы айта аламыз.
«Біз үшін ең маңызды аспект – егеменді және тәуелсіз Қазақстан. Еліміздің азаттығын сақтау үшін заңға бағынып, ақыл-ойымызды жиып, түрлі топтар арасында заманауи диалог жүргізуіміз керек. Сондықтан қазақстандықтарды Қазақстан Республикасының мүддесіне ықпал етіп, заңды тәртіпті сақтауға шақырамын», - деп атап өтті депутат.
«Барлығын ҚР заңнамасы аясында диалог жүргізуге шақырамын. Тек осылайша еліміздің тұрақтылығына және дамуына қол жеткізе аламыз. Қазіргі уақытта мемлекеттің ең басты ұраны – заң мен ақыл-ой», - деп түйіндеді Е. Сайыров.
Азамат Сыздықбаев