Ерлан Сайыров: Президенттікке үміткерлердің дебаты - елді демократияландырудағы үлкен қадам

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Белгілі саясаттанушы Ерлан Сайыров «Хабар» арнасында тікелей эфирде өткен ҚР Президенттігіне кандидаттардың дебатына қатысты пікірін білдірді.

Ерлан Сайыров: Президенттікке үміткерлердің дебаты - елді демократияландырудағы үлкен қадам

«Мұндай саяси пікірсайыс дүниежүзілік практикада әрбір сайлау процесінің негізгі атрибуты болып табылады. Біздің елімізде Сайлау туралы заңға сәйкес, дебат өткізу негізі міндетті емес. Сондықтан, бүгінгі дебатты еліміздегі демократияландыру және саяси жүйені либерализация жасау жолындағы үлкен қадам деп айтуға болады», - деді саясаттанушы ҚазАқпарат тілшісіне.

Ол сондай-ақ, пікірталасқа қатысушылардың эфир барысында ерекше белсенді болғанын атады. «Дебаттың өзіне келетін болсақ, жан-жақты, қызу пікірталас түрінде өтті. Әрбір үміткер, үміткер штабының басшылары ел дамуының экономикалық-әлеуметтік аспектілеріне тоқталып, елдегі қордаланып қалған проблемаларды шешуге қатысты өз ойларын ашық айтты. Менің ойымша, бұл дебат - саяси мәдениетіміздің өсуіндегі үлкен бір белес», - деді ол.

Еске салайық, бүгін «Хабар» арнасында Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлер арасында тікелей эфирде пікірталас өтті.

Еске салсақ, Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне 7 кандидатты тіркеген болатын. Олар: «Nur Otan» партиясынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігінен Сәдібек Түгел, «ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Амангелді Таспихов, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан Дания Еспаева, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Төлеутай Рақымбеков, Қазақстанның коммунистік халық партиясынан Жамбыл Ахметбеков және «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігінен Әміржан Қосанов.