Ерлан Сыдықов: Президенттің үндеуі - демократияның қалыптасқандығының көрінісі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Л. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов елімізде 9 маусымда өтетін сайлауға қатысты өз ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ерлан Сыдықов: Президенттің үндеуі - демократияның қалыптасқандығының көрінісі

«Бұл үндеу (Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс сайлауға қатысты) - Қазақстанда демократияның қалыптасқандығының көрінісі және дәлелі.

Президент атап өткендей, біз өте күрделі кезеңде өмір сүріп отырмыз.

«Тәуелсіз елімізге қызығып та, көре алмай да қарайтын елдер бар. Сондықтан, қазіргі жағдайда уақытты өткізбей неге Президентімізді сайлап алмасқа? Енді демократияның екінші көрінісі - таяу арада билікке, Президенттік қызметке таласатын кандидаттар пайда болады. Өткен сайлауда өтінімді 27 адам беріпті. Биыл енді көп болады деп ойлаймын. Өйткені, қоғам пісіп-жетілді, саяси мәдениет көтерілді. Бізде бірнеше партия бар. Міндетті түрде ол партиялар өздерінің кандидаттарын ұсынары сөзсіз. Таяу арада сол партиялардың съезін күтейік. Шешімдерін көрейік. Әркімнің өзінің саясаты, сайлауалды жоспары болады», - деп түйді Ерлан Сыдықов.

Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтеді. Бұл туралы республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына жолдаған үндеуінің толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады.