Ерлан Ыдырысов: Астана - атаққұмарлықтың жобасы емес
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Financial Times газетіне хат жолдап, «Ел астанасы атаққұмарлық жобасына айналғанда» атты мақалаға жауап берді.
Ол хатта Қазақстанның жаңа астанасын ел орталығынан салу туралы шешім 1997 жылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ғана қабылданғанын айтты. «Алматы сейсмологиялық белсенді аймақта, елдің шығыс шекарасына жақын жерде орналасқан. Жаңа елорда -Астананың салынуы тәуелсіз Қазақстанға өзінің кеңестік жүйеден қол үзуге мүмкіндік берді. Ол кезде Қазақстан Сталиннің саяси тұтқындар мен тұтас халықтарды көшіретін «үйінді» деп саналды, кейіннен «қырғи қабақ соғыс» кезінде ядролық қару сынақтарын өткізетін аймаққа айналдырылды».
1999 жылы Астана халқының саны 281 мың болған. 2007 жылы қала тұрғындарының саны 600 000-ға жетті. Бүгінгі таңда елордада бір миллионнан астам адам тұрады. Қала қарқынмен дамып келеді. Онда, өзгені қоя тұрғанда, ультразаманауи, зәулім опера және балет театры бар. Ол атаққұмарлықтың жобасы емес, деді елші Ерлан Ыдырысов. Қазақстандықтар Президент Нұрсұлтан Назарбаев басшылығымен қол жеткізген аса зор жетістіктерді мақтан тұтады. Сондай-ақ қала оның жеке басына табынушылықтың аясында қалып қойды деген сөз де - абсурд. Олай болса, Лондондағы парламент алаңындағы сэр Уинстон Черчилльге қойылған ескерткіштен де осындай қорытынды шығаруға болады.
«Астана - Қазақстанның болашақ әлеуетінің нағыз үлгісі. Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне 115 мемлекет, 22 халықаралық ұйым қатысып, төрт миллионнан астам адам аса өзекті «Болашақ энергиясы» тақырыбы аясындағы шараға жиналды. Оқырмандарыңыз да Астанаға барып, дала төсінен бой көтерген керемет қаладан әсерлерін бөлісуге асығады деп сенемін», - делінген хабарламада.