Ерлер арасындағы кіші футболдан және волейболдан ведомстволық чемпионат мәреге жетті - Бас Прокуратура
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні, прокуратура органдарының құрылған күні және Тәуелсіздік күніне арналған прокуратура органдары мекемелерінің командалары арасында Бас прокуратура ұйымдастырған спорттық жарыстар өз жалғасын табуда.
Бүгін ерлер арасындағы кіші футболдан және волейболдан ведомстволық чемпионат аяқталды, деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Бас Прокурордың құрама командасы кіші футболдан чемпионаттың жеңімпазы және Бас Прокурор Кубогының иегері болып танылды, екінші орынды Жамбыл облысы прокуратурасының командасы жеңіп алды. Үшінші жүлделі орынды Қарағанды облысы прокуратурасының және Бас әскери прокуратураның командалары еншіледі.
Ерлер арасындағы волейбол ойынының қорытындысы бойынша турнирдің жеңімпазы және Бас Прокурор Кубогының иегері болып Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының командасы танылды. Екінші орынды Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті иеленсе, Ақмола облысы прокуратурасының командасы үшінші орынды қанағат тұтты.
Жүлделі орындар алған командаларға кубоктар, грамоталар мен естелік медальдар табыс етілді. Номинациялардың үздіктері грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бас прокуратураның басшылығы прокуратура органдарында спортты дамытуда және салауатты өмір салтын насихаттауда осындай жарыстың маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Жарыстарды өткізудің басты маңыздылығы сол - олар ұжымдық татулықты нығайтады, прокурорлар қауымдастығының бірлігі мен ұйымшылдығына оң ықпал етеді.