«Ерлерді емдемесе қиын...» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 5 қыркүйек . ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 5 қыркүйек,сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ерлерді емдемесе қиын...» - республикалық басылымдарға шолу

                                                                    ***

Адам денсаулығын сақтау - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сондықтан елімізде осы саланың мамандарына әлемдік медицинаның озық үлгілерін игере отырып, өз еліміздегі денсаулық сақтау мен емдеуді дамыту міндеті қойылып отыр. «Соңғы жылдардың өзінде Қазақстанның біраз өңірлеріндегі ауруханалар шетелдік құрал-жабдықтармен қамтылды. Медицинаның әр саласына қатысты заманауи өзгерістер мен жаңалықтар отандық дәрігерлердің қолданысына дендеп енгізілуде. Мысалы, ота жасау, біздіңше, пышаққа түсу. Алайда, қазір жетілген медициналық әдістер пышақсыз да ота жасауға болатындығын дәлелдеп келеді. Мамандар мәліметіне сүйенсек, әлемде жыл сайын жасалатын бірнеше миллион эндохирургиялық оталар барысында бұрынғы үлкен тілікті, жарақатты оталардың орнына шағын тесік арқылы жасалатын оталар қолданыла бастаған. Оташы дәрігер адамның ішперде қуы­сына және кеудесіне өте жіңішке аспаппен ота жасайды, ал іш қуысындағы ол көрініс оптикалық аспап арқылы монитордан көрініп тұрады. Үлкейтіп және анық көрсететін аспап арқылы сол мүшеде қандай өзгерістер бар, нені қалай сылып тастау керек немесе қалайша ота жасаған жөн - бәрі алақандағыдай»,-деп жазады  «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Тіліксіз ота» жасау шеберлері Ақтауға жиылды» атты тақырыбымен берілген мақаласында.

Қазақстанда жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып белгіленген. Сондықтан елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша кезең-кезеңімен және жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп келеді. Осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқтала кетсем, өткен жылы тәртіптік кеңестің ұсынысы бойынша 125 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданылса, оның 67-сі сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін тәртіптік жаза алды. Ал биылғы жылдың 6 айында 42 тәртіптік іс қаралып, оның ішінде 4 мемлекеттік қызметкер сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылығы үшін жазаланды. Құқықтық статистика мен арнайы есепке алу басқармасының мәліметтері үстіміздегі жылғы 1 тоқсанда облыс бойынша 29 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тар­тылғанын айтады. Оның ішін­де мемлекеттік қызметшілер саны - 14, мемлекеттік қызметшіге теңес­ті­рілгендер - 7 (5-еуі білім саласын­­да), құқық қорғау және кеден органдарының қызметкерлері - 8 адам. Осы 29 лауазым иесінің 7-уі тәр­тіп­тік кеңесте қаралып, басқаларын мем­лекеттік орган басшыларының өздері қарап, жазаға тартқан.  Бұл туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» басылымы «Мемлекеттік қызметші мәртебесіне дақ түспесін» атты мақаласында жазды.

                                                                        ***

«Сәйгүлікті сәндеп, мінген қазақ қазір жылқы десе жүгенін ала жүгірмейтін халде. Ала жүгірмек түгіл, ер-тұрманының қайда қалғанын да ұмытты. Ал өзіміз өркениетті деп ат қойып, айдар тағып алған батыс елдерінде жылқыға құрмет ерекше. Мысалы, ұлтарақтай жерге зәру Қытайдың өзінде 11 млн. жылқы бар. АҚШ-та 13 млн. жылқысы жайылып жүр. Қазақстанда қанша дейсіз ғой? Шамамен 1 млн. 300 мыңдай ғана», - деп жазады  «Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында. Осы жайында толығырақ газеттің «Жылқы десе жүгенін ала жүгіретін қазақ қазір ер-тұрманының қайда қалғанын да ұмытты» атты тақырыппен жарияланған мақалада көтерілді.

                                                                           ***

«Айқын» басылымының жазуынша, Қытайдың Алтай аймағына қарасты Буыршын ауданы, Егізтөбе ауылында электрик болып жұмыс істейтін Болатбек Қарымқанұлы ең кішкентай домбыра жасап, қазақтың атын тағы бір аспандатты. 29 жасар шебер жігіттің қолынан шыққан шынашақтай саз аспабы Гиннестің рекордтар кітабына еніп, 01-1201-09541 нөмірлі куәлікке ие болды. Ел шеті, жел өтінде жүрген қандастарымыз ұлт мұраларын ұлықтау үшін осыған дейін бір мезгілде 13 мың 288 адам «Қара жорға» биін билеп, 10 450 домбырашы күй тартып, миллиардтардың ішінен топ жарған еді. Сондай-ақ созсаң қолың, құшақтасаң құшағың жетпейтін, есік пен төрдей домбыра жасап, айды аспанға бір-ақ шығарғаны да белгілі. Енді міне, ең кішкентай қолөнер туындысымен талайларды тамсандырып, төрткүл дүниенің назарын төл мұрамызға аударып отыр. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Ең кішкентай домбыра» атты мақаладан оқыңыздар.

Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында «Ерлерді емдемесе қиын...» атты тақырыппен мақала жарық көрді.  Қазіргі кезде ер адамдардың денсаулығы медициналық мәселе шеңберінен шығып, мемлекет тарапынан алаңдаушылық тудыратын үлкен проблемаға айналып отыр. Осыған байланысты дәрігерлер еркектердің денсаулығына мемлекет тарапынан көңіл бөлу керектігін айтып, дабыл қағуда. «Жарбосынов атындағы ғылыми-урология орталығы» АҚ бас директоры, ДСҚМ бас урологы, Қазақстан урологтары қауымдастығының төрағасы, профессор Мырзакәрім Алшынбаев пен профессор-эндокринолог, Қазақстан профилактикалық медицина академиясының академигі Михаил Зельцер журналистермен кездесіп, ерлер денсаулығының қазіргі жағдайы, урологиялық аурулардың алдын алу және тұрғындардың өз денсаулығына қатысты мәдениетін арттыру жөнінде халыққа үндеу жасады. Профессор-уролог Мырзакәрім Алшынбаевтың айтуынша, Урология институтының тапқан табысы мен демеушілердің берген қаржысына бес профессор-дәрігерден құрылған топ бүкіл Қазақстанды аралап, ер адамдардың денсаулығын зерттеу бойынша медициналық рейд жасаған. «Ерлердің репродуктивті денсаулығы» бағдарламасы 2007 жылы ҚР Президенті жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ІV отырысында тыңдалып, мақұлданған болатын. 2009 - 2012 жылдар аралығында «Ерлердің денсаулық күні» жобасы Қазақстанның 16 қаласында өтті, ал Алматы, Шымкент, Өскемен қалаларында екі реттен өткізілді. Осы жасалған шаралардың қорытындысы бойынша «Жарбосынов атындағы ғылыми-урология орталығы» АҚ бас директоры, Қазақстан урологтары қауымдастығының төрағасы, профессор Мырзакәрім Алшынбаев пен профессор-эндокринолог, Қазақстан профилактикалық медицина академиясының академигі Михаил Зельцер өз ойларын айтты. «Кейбір облыстарды екі рет аралап шықтық. Жастары қырықтан асқан ер адамдардың денсаулығын тексердік. Нәтижесін көріп жағамызды ұстадық. Соңғы жылдарда еркектердің белсіздігі, эректильді қызметінің бұзылуы ел арасында жаппай етек ала бастаған. Ерлер әйелдерге қарағанда дәрігерлерге үш есе аз қаралады, осыған байланысты олардың арасында ауруды бастапқы кезеңде анықтау көрсеткіші өте төмен болып отыр», - дейді бас уролог Мырзакәрім Алшынбаев.