Ерлердің денсаулығы қазіргі таңда медициналық мәселе шеңберінен шығып кетті - кардиолог Дулат Палымбетов
АЛМАТЫ. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ерлер әйелдерге қарағанда дәрігерлерге 3 есе аса аз көрінеді, осыған байланысты олардың арасында ауруды ерте кезеңінде анықтау көрсеткіші төмен болып отыр.
Оны Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымының докторы, кардиолог Дулат Сейтжанұлы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Статистикалық мәліметтер бойынша, ерлердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 10 пайызға төмен. 75 жасқа қарай ерлер арасында обырға шалдығып қайтыс болудың көрсеткіші әйелдерге қарағанда 2 есе жоғары. Ерлер жүректің ишемиялық ауруына әйелдерге қарағанда 3 есе, ал қант сусамырына 6 есе жиі шалдығады. Соңғы 5 жылда жыныс безі обырынан қайтыс болу сүт безі обырынан қайтыс болуға қарағанда екі есе өсті. Ал ер балалардың өлім-жітімі нәресте кезінде қыздарға қарағанда 3 есе көп. Сондай-ақ жыл сайын бүкіл әлем бойынша 25 мыңнан аса ер адам өз-өзіне қол салады. 1950-1990 жылдары өзіне-өзі қол салу, қастандықпен және жазатайым оқиғадан қайтыс болумен байланысты болған өлімдердің 70-80 пайызы ерлердің үлесіне тиген.
«Қазақстанда ерлердің репродуктивті денсаулығын сақтау мәселесіне арналған саясат жоқ. Денсаулық сақтау органдары ерлердің денсаулығын сақтауға аз көңіл бөліп отыр. Денсаулық сақтау жүйесінде ерлерге арнайы жасалған инфрақұрылымдар құрылмаған. Ерлердің өз денсаулығын сақтау жөнінде ақпараттандырылуы деңгейі төмен», - дейді профессор Дулат Палымбетов. Ғалымның айтуынша, ерлер денсаулығының мәселелерін шешу мақсатында қазіргі таңда мамандардың (уролог, кардиолог, эндокринолог, терапевт және т.б.) ықпалдасқан кешенді ұстанымы қажет.
2007 жылы 24 желтоқсанда ҚР Президенті жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат бойынша Ұлттық комиссияның IV отырысында «Ерлердің репродуктивті денсаулығы» бағдарламасы тыңдалып, мақұлданған еді. 2008 жылы аталған бағдарламаны ҚР Парламентінің депутаттар корпусы талқыға салып, мақұлдады. 2009-2012 жылдары «Ерлердің денсаулық күні» жобасы Астана, Алматы, Шымкент, Өскеменде - 2 реттен, Павлодар, Ақтау, Қызылорда, Тараз, Ақтөбе, Талдықорған, Қостанай, Атырау, Орал, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл қалаларында бір-бір реттен өткізілді.