Ерлі-зайыпты қарияларды өлтірген Алматы тұрғыны 20 жылға сотталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында егде жастағы ерлі-зайыптыларды өлтірген, қылмыс жайында хабарламаған және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған үш адамға үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сот анықтағандай, сотталушы қамқоршы болып, кейін мүлкін иемдену үшін маскүнемдікке салынған немесе жалғыз тұратын қарттарды іздеген.
«Мұндай адамдарды іздеп табу үшін ол У. есімді адамға жүгінген. Ол таныс полиция қызметкерінен жоғарыда аталған санаттағы азаматтар туралы мәлімет сұраған. Полицей қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, оған мәлімет берген»,- деп хабарлады Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан.
Ведомство мәліметінше, сотталушы зейнеткердің үйіне барып, қамқорлық көрсететінін айтып, әйелмен байланыс орнатпақ болған. Алайда ол көмекке шақырып, айқайлай бастаған.
Біреу келіп қала ма деп қорыққан сотталушы әйелді тұншықтырып өлтірген. Кейін төсекте жатқан күйеуін көріп, оны да тұншықтырып, қылмыс орнынан бой тасалаған.
Сотта белгілі болғандай, сотталушы жәбірленушілердің пәтеріне бара жатқанда оларды өлтіру ойында болмаған, бүкіл әрекеті ойламаған жерден жасалған.
«Сотталушылардың айғақтарынан белгілі болғандай, олар жәбірленушілер туралы мәлімет бере отырып, олардың мүлкін заңды түрде атына жазып алу ниетінде болған»,- деп атап өтті соттағылар.
Сот айыпталушыны кісі өлтірді деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айырды.
Сотталушы У. қылмыс туралы хабарламағаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға сотталды.
Полицей қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.