Ерлік ешқашан ұмытылмайды: Мәулен Әшімбаев ардагерлерді құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы Ұлы Жеңіс күні қарсаңында «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» атты жаңа акцияны қолға алды. Бұл туралы ҚазАқпарат «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ерлік ешқашан ұмытылмайды: Мәулен Әшімбаев ардагерлерді құттықтады

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, аталмыш аясында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерен ерлігімен көзге түсіп, ең жоғары награда - Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, дегенмен түрлі себептерге байланысты сол марапатқа қол жеткізе алмаған отандастарымызға құрмет көрсетілмек.

Бүгін партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Астана қаласында осындай ардагерлердің бірінің шаңырағына арнайы барып, оның ұрпақтарымен кездесті. Жалпы зұлмат жылдарда Отан үшін отқа түсіп, батыр атағына ұсынылғандардың бәрі бірдей тиісті наградасын ала алмағаны белгілі. Қазақстан бойынша ондай ардагерлердің қатары 100-ден асып жығылады. Осы тақырыпта ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізген белгілі қоғам қайраткері, «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, олардың наградаға ұсынылғанын дәлелдейтін марапат парақтары күні бүгінге дейін сақталған.

Есімі ел есінде мәңгі сақталған осындай батыр аталарымыздың бірі Аманша Жұмашұлы Меңдіғалиев. Ол әйгілі Панфилов дивизиясының құрамында Мәскеу түбіндегі қиян-кескі ұрысқа қатысқан. Ауыр жарақатына қарамастан 362-ші өздігінен жүретін артиллерия полкін бастап Берлинге дейін жетеді. Сол жерде Аманша атамыздың батареясы жау әскеріне ойсырата соққы беріп, нәтижесінде Кеңес әскері Германия астанасының шығыс бөлігіне басып кіруге мүмкіндік алады. Осы ерлігі үшін ол бірден Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды.



Алайда сол бір алтын жұлдызға қол жеткізе алмай кетті. Бірақ ерлік ешқашан ұмытылмайды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының Жарлығымен Аманша Меңдіғалиевке «Отан» ордені салтанатты жағдайда табыс етілді. Жеті бала тәрбиелеп өсірген ардагер атамыз 28 немере сүйді. Аманша ата 2008 жылы 90 жасында дүниеден озды.

Бүгінде батырдың отын өшірмей, қарашаңырақта ұлы Асылбек Меңдіғалиев отыр. Ол да әке жолын жалғап, әскери өмірді таңдаған. Мереке күні Аманша атаның шаңырағына арнайы ат басын бұрған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары батырдың ұрпақтарымен кездесіп, оларға құрмет көрсетті. Өз сөзінде ол нұротандықтар жаңа бастама арқылы тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп, ардагерлердің өздері көре алмай кеткен марапат пен құрметті бүгінгі ұрпақтарына көрсету арқылы жастарды отансүйгіштікке баулуды көздейтінін жеткізді.

«Біз адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыста қазақстандықтардың Ұлы Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқанын ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондықтан «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» атты арнайы акцияны қолға алып отырмыз. Бүгін осы бастама аясында нұротандықтар еліміз бойынша қайтпас қайсарлықтың жарқын үлгісін көрсетсе де өзіне тиесілі батыр атағын ала алмай кеткен ардагерлердің шаңырақтарына арнайы барып, олардың ұрпақтарына құрмет көрсетуде. Партия тарапынан осындай ардагерлердің есімдерін мектептер мен көшелерге беруге қатысты да тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Бұны өскелең ұрпаққа ерен ерлікті дәріптейтін игі іс деп есептеймін. Сондықтан біздер өз батырларымыздың ерліктерін мәңгілік жадымызда сақтап, оларға лайықты құрмет көрсетуге тиіспіз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Өткен мерекелік күндерде «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» акциясы аясында нұротандықтар еліміз бойынша 8 ардагердің отбасына арнайы барып, олардың ұрпақтарымен кездесті. Аманша Меңдіғалиевпен бірге бұл қатарда атыраулық Жәмилә Жұмашева, шығысқазақстандық Балтабек Жетпісбаева, тараздық Ибраим Сүлейменов, қостанайлық Қасым Ахметов, ақтаулық Исатай Сүйеубаев және павлодарлық ардагерлер Сембай Қалиев пен Қабыш Көктаев бар. Бұлар жоғары наградаға ұсынылып, сол марапатын ала алмай кеткен ардагер ата-әжелеріміз. Әзірге тек 8 ардагер туралы нақты деректер мен мәліметтер бар. Алдағы уақытта партияның қолдауымен осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасып, жоғарыда айтқан жүзден астам ардагердің бәрі анықталатын болады.

Осы бастаманың нәтижесі ретінде «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген кітап басылмақ. Оған аталған ардагер әкелеріміз бен аталарымыз туралы жан-жақты мәліметтер, олардың ерліктері жайында тыңғылықты деректер енетін болады. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары бүгінде Астана қаласында тұратын өзге де Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады. Партия тарапынан құрмет көрсетілген ардагерлердің бірі Сейілбек Әкімбекұлы Усин биыл 97 жасқа толады. Соғысқа 1942 жылы аттанған ол әйгілі Курск шайқасына қатысқан. Днепрден өтіп, Харьков, Киев қалалары мен Польшаны жаудан азат етуге өз үлесін қосады. Майдан даласында қайсарлықтың жарқын үлгісін көрсете білген Сейілбек ата Берлинге дейін жеткен ардагерлердің қатарында.

Соғыстан кейін білім беру ісі мен журналистика саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етті. Жеті бала тәрбиелеп өсірген атамыз бүгінде олардан 23 немере, 26 шөбере сүйіп отыр. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Ұлы Отан соғысының ардагері Екатерина Стефановна Писареваны да арнайы құттықтады. Екатерина Стефановна соғыс жылдары госпитальде жұмыс істеген. Майданға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жіберу жұмыстарына да араласты. Кейін 2-ші Украина фронтында қызмет еткен Екатерина әжей Жеңіс күнін Братиславада қарсы алды. Екатерина Писарева Қазақстанға көптеген тың игерушілермен бірге 1960-жылдары көшіп келген. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары ардагерлерді бүгінгі бейбіт заманымыздың кепілі болған Жеңіс күнімен құттықтап, оларға зор денсаулық және қажымас қайрат тіледі.

«Сіздер ел басына күн туғанда еш тайсалмай ерен ерліктің ерекше үлгісін көрсеттіңіздер. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде де адал еңбектеріңізбен еліміздің ес жиып, еңсе тіктеуіне үлкен үлес қостыңыздар. Сол үшін ерліктеріңізді дәріптеп, Сіздерге лайықты құрмет көрсету - біздің перзенттік борышымыз», - деді Мәулен Әшімбаев.

Жалпы мереке күні нұротандықтар еліміз бойынша екі мыңнан астам Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерінің үйлеріне арнайы барып құттықтағанын атап өткен жөн. Одан бөлек, «Нұр Отан» партиясы Жеңіс күніне орай тағы басқа да көптеген іс-шаралар өткізіп, тың бастамаларды жүзеге асырды. Солардың бірі «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында қолға алынған «Қаһарман даңғылы» акциясы. Бұл бастама арқылы нұротандықтар мен «Жас Отан» Жастар қанатының өкілдері Ұлы Отан соғысының батырлары және ардагерлерінің есімдерімен аталған көшелерді абаттандырып, сенбіліктер өткізді.

Аталған акцияға еліміз бойынша 6 мыңнан астам нұротандық пен жасотандық қатысты. Осы ретте айта кетер жайт, бүгінде Қазақстанда Екіншідүниежүзілік соғыстың батырлары мен ардагерлерінің есімдері берілген 1000-ға жуық көше бар. Ең көбі Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Яғни, бұл өңірде Ұлы Жеңісті жақындатқан жандардың есімдерімен аталатын 300-ге жуық көше бар. «Қаһарман даңғылы» акциясы аясында бұл көшелердің барлығында көшеттер отырғызу, аулаларды қалпына келтіру, қоқыстардан тазарту сияқты абаттандыру жұмыстары жүргізілді.