Ерлік жасауға мықты ерік-жігер керек - Талғат Бигелдинов
АЛМАТЫ. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін даңқты ұшқыш, Кеңес Одағының 2 мәрте Батыры, генерал-майор Талғат Бигелдинов Алматыдағы Еуразия нарық институтының оқытушы-студенттер қауымымен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Шара барысында даңқты ұшқыш өз өмірі мен соғыс жылдары жайлы баяндап, естеліктер айтты. «Соғыс жылдарында мен басқарған ұшақ «штурмовик» деп аталатын, ол жер бауырлап ұшатын және 2 пулеметі, қанатының астында 6 реактивті снаряды, 600 килә бомбасы бар салмағы 5 тонна 5 килә ұшақ болатын. Бұл әдетте жаяу әскерге көмектесуші, стансылар, эшалондарды бомбалауға арналған ұшақ. Бұл ұшақпен аман жүріп соғысу ауыр болатын. Қазір ойлап отырсам, менің аман қалуыма ерік-жігердің көмегі көп тиіпті. Соның арқасында 305 рет жауға аттанып, жерге аман-есен оралдым», деді Т.Бигелдинов.Ол жастарды білімге, достыққа, бірлікке құштар болуға шақырды.
«Соғыс уақытында бізде бірлік, достық мықты еді. Бір кісідей едік. «Бәріміз - біріміз үшін, біріміз - бәріміз үшін» деген ой санамызда болды. Қазіргідей бейбіт заманда татулық, бірлік, білім кімге болса да керек», деді даңқты ұшқыш.
Шара соңында институт ректоры Т.Бигелдиновқа сый-сияпат тапсырды.