Ермахан Ыбырайымов: Геннадий Головкин 5-ші раундта жеңіске жетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов Головкин-Уэйд жекпе-жегіне қатысты жасаған болжамымен бөлісті, деп хабарлайды «Қазақстан» ұлттық арнасы.

Ермахан Ыбырайымов: Геннадий Головкин 5-ші раундта жеңіске жетеді

WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкин (34-0, 31 КО) 23 сәуір күні (Астана уақытымен 24 сәуір) америкалық боксшы Доминик Уэйдке (18-0, 12 КО) қарсы жекпе-жекке шығады.

Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбрайымов Головкин-Уэйд жекпе-жегіне қатысты жасаған болжамымен бөлісті.

«Геннадий Головкин америкалық боксшы Доминик Уэйдке қарсы жекпе-жектің бесінші раундында жеңіске жетеді. Қарсыласының ұзаққа шыдай қоюы екіталай. Жалпы, менің Уэйдке қатысты пікірім екіұшты. Бір жағынан, Уэйд - біздің боксшымызға лайық қарсылас емес. Қазіргі таңда Геннадиймен тең ұрысуға төрт-ақ боксшының шамасы келеді. Олар - Сауль Альварес, Флойд Мейвезер, Сергей Ковалев және Дмитрий Пирог.

Ал, Уэйдке Генаның деңгейіне жету үшін әлі өсу қажет. Екінші жағынан, Геннадий секілді әлемдегі үздік боксшылардың біріне қарсы шығудан жүрексінбеуі - Уэйдтің де батыл жігіт екенін көрсетеді. Сол үшін де оны Генаға лайықты қарсылас деп есептеуге болатын шығар...», - дейді Е.Ыбрайымов.

Айта кетейік, жекпе-жекті 24 сәуірде 07:20-дан бастап «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен kaztrk.kz сайты тікелей эфирде көрсетеді. «Қазмедиа Орталығының» лэд-экрандарынан тамашалай алу мүмкіндіктеріңіз бар.