Ермек Маржықпаев: Елдегі спорт нысандарының 20 пайызы талапқа сай емес
Елімізде спорт нысандары тапшы ауылдардың тізімі жасалады, деп хабарлайды Kazinform.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай мәлімет айтты.
«Еліміздің барлық спорттық инфрақұрылымына ауқымды түгендеу жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша өңірлерде жұмыс істеп тұрған нысандардың орта есеппен 20%-ы талапқа сай еместігі анықталды. Осылайша, спорт инфрақұрылымына, атап айтқанда ауылды елді мекендерде аса мұқтаж өңірлердің тізбесі айқындалады. Келесі жылдан бастап «Модульдік үлгідегі тез салынатын аз шығынды 100 спорт нысан» жобасы іске қосу жоспарланып отыр», - деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, алдағы екі жылда 113 жаңа спорт нысаны салыну керек.
«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін қолдана отырып қолданыстағы 26 нысан қайта жаңартылады. Алматы облысында олимпиадалық дайындық базасының құрылысы аяқталып келеді. База бір уақытта 2300 спортшыға 23 олимпиадалық спорт түрімен айналысуға мүмкіндік береді. Бұл нысан жыл бойы жұмыс істейді. Ұлттық құрамалар мен облыстық командалар маңызды жарыстар алдында толыққанды оқу-жаттығу жиындарын өткізе алады.
Астанада Ұлттық спорт университеті салынып жатыр. Нысанды 2025 жылы қолданысқа беру жоспарланған», - деді министр.