Ермек Маржықпаев: Ауылда адамдардың тұруы мен жұмыс істеуіне жағдай жасалуы керек

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болды.

Ермек Маржықпаев: Ауылда адамдардың тұруы мен жұмыс істеуіне жағдай жасалуы керек

Облыс әкімі аудан басшылығына Нұр-Сұлтан қаласынан шыға берісте жергілікті өнімдерді сату үшін коммуналдық базар ашу туралы тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы Целиноград ауданының шалғай орналасқан Мәншүк ауылында «Маншук-АЭ» ЖШС өңірдің тауар өндірушілерімен кездесіп, егін орағы және мал шаруашылығын дамыту барысын талқылады.

«Родина» агрофирмасы» ЖШС директоры Иван Сауэр мен «Маншук-АЭ» ЖШС директоры Тимур Пшенов астық шығымдылығы мен спасы туралы айтып берді. Олардың сөзінше, биылғы жылы астық шығымдылығы жылдағыдан сәл аздау болса да, сапасы жаман емес көрінеді.

Тимур Пшенов басшылық жасап отырған шаруашылықтың меншігінде 50 мың гектар егістік алқабы мен 1000 бас ірі қарасы бар. Топырқаты өңдеуде «No Till» нөлдік технология қолданылуда. Биылғы жылы орташа алғанда әр гектарынан 11,3 центнерден бидай, 14,8 центнерден арпа алынуда. 2011 жылдан бері кәсіпорынның дамуына 4 миллиард теңгеден астам қаржы құйылған.

Аймақ басшысы «Маншук-АЭ» ЖШС қаражатына салынған дүкенді аралап көрді. Дүкен сөрелері азық-түлікке толып тұрғанына қарамастан аймақ басшысы «Родина» агрофирмасы» ЖШС тәжірибесіне жүгініп, өз өнімдерін жергілікті тұрғындарға жеңілдетілген бағамен сату қажеттігін атап өтті.

«Маншук-АЭ» ЖШС ауылдағы балабақшаға жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, өз жұмысшыларына жаңа үй салуда. Мұндағы жұмысшылардың орташа еңбекақысы 180 мың теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы орта мектепте болып, педагогикалық ұжыммен кездесті. «ВІ Group Construction» холдингінің бақылау кеңесінің төрағасы, осы ауылдың тумасы Бауыржан Исабаевтың инвестициялық қаражатына салынған спорт алаңы және әлеуметтік сала жұмысшыларына арналған жатақхананы аралап көрді.

«Туған ауылды көркейту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, жұмысшыларға жақсы әлеуметтік пакет жасаудағы бизнесмендер бастамасының маңызы зор. Алдағы уақытта да ауылда адамдардың тұруы мен жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалуы керек», деді аймақ басшысы.