Ермек Тұрсынов «Келін» мен «Шалдың» соңғы бөлімі «Кенже» фильмін прокатқа шығарады

«Кенже» - режиссердің құрамына «Келін», «Шал» фильмдері кіретін трилогиясының соңғы бөлімі. Туынды Таиландта және Испанияның Мальорка аралында түсірілді. Оған Венгрия, Ресей, АҚШ кәсіпқойларынан тұратын түсіру командасы тартылған болатын. Трюктерді Жайдарбек Күнқожиновтің «Номад» каскадерлері жасады. Басты рольдерді Жандос Айбасов пен Айнұр Ниязова ойнады.
Картинадан Ольга Зайцева, Михаил Хмуров, Эдуард Оңдар сияқты Ресей актерлерін де көруге болады. «Актерлерді таңдау екі жыл бұрын басталған болатын. Рольге сәйкес келетін шын шеберлерді табу қиын болды. Басты кейіпкерге біз жанды, көзінде бар өмірі тұнып тұрған нағыз ерді табуға тырыстық. Бастысы - елге танылған актер болмауы керек еді. Мен жұлдыз актерлермен жұмыс істеуге құмар емеспін. Меніңше, Жандос соған лайық болды», - дейді Е.Тұрсынов.
«Бұл картина трилогияның үшінші бөлімі. Алдында «Келін», «Шал» түсірілгені мәлім. Трилогия 7 жыл бойы түсірілді. Аталған туынды - бір жобаның соңғы шығарылым, әрине ол алдындағы үш фильмнен тіпті өзгеше. Бұл - жанрлық кино, экшн элементтері бар драма. Көрермендерге ол қаншалықты ұнайтындығын білмеймін. Меніңше, ол ерекше болады. Оған 16 елдің өкілдері ат салысты. Съемка өте ауқымды болды, шетелде Испанияда, Тайландта өтті. Барлық топқа ризашылығымды білдіргім келеді», - дейді режиссер.
«Кенже» ата-анасынан ерте айырылған ағайындылар туралы. Балалар үйіне орналастырылатындарын сезген бауырлар ертерек қамданып, қалаға қашып шығады. Әр жұмысқа жалданып, нәпақа табуға кіріскен ағайындылар өсе келе кісі өлтіруге тапсырыс қабылдап, табыс таба бастайды. Артынша олар бұл шайқастан аман шығу мүмкін емес екендігін біледі.