Ермек Тұрсынов ҚР Кинематографистер одағының басшысы болып сайланды
Ұйымның кезектен тыс XV съезінде Ермек Тұрсыновтың кандидатурасы үшін 106 адам дауыс берді. Одан бөлек одақ басшылығына тағы екі кандидат - Ғали Мырзашев пен Аxат Ибраев таласты.
"Сьезд кезінде ашық дауыс берілді. Оған шамамен 125-130 адам қатысты. Аxат Ибраевқа одақтың 8 мүшесі дауыс берді. Ғали Мырзашев болса, сайлауға қатысудан өз еркімен бас тартты. Маған 106 дауыс берілді. Сол үшін өз алғысымды айтамын. Маған дауыс берген азаматтардың сенімін ақтауға тырысамын", - деді Е.Тұрсынов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Жаңа төраға ұйымның қызметін күшейтуді көздейді.
"Бұрын суретшілер одағы, кинематографистер одағы сияқты шығармашылық ұйымдардың қызметі күшті болатын. Мен алдымен осы бір дәстүрді қайта жаңғыртуға күш саламын. Ішкі атмосфераны барынша жақсарту қажет деп ойлаймын. Қазір маған үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Мен нақты жұмыспен айналысып, одақтың мәртебесін көтеруге тырысамын", - деп атап көрсетті Е.Тұрсынов.
Айта кетейік, режиссер Ермек Тұрсыновтың "Келін" (2008) фильмі "Шет тілдегі үздік фильм" аталымы бойынша "Оскар" сыйлығына ұсынылған болатын. Бұдан бөлек, оның "Шал" атты фильмі көрерменнің көңілінен шықты.