Ернар Шірбаев Талдықорған қалалық полиция басқармасына басшы болды
Ішкі істер министрлігінің бұйрығымен Талдықорған қаласының полиция басқармасын Ернар Шірбаев басқарады. Кazinform бұл туралы Жетісу облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ернар Мырзахметұлы Ширбаев «полиция подполковнигі» арнайы атағына ие. Жедел-тергеу бөлімшелерінде жұмыс істеді. Ішкі істер органдарындағы қызметін Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасының жедел уәкілі қызметінен бастаған.
2011-2022 жылдары Жетісу облысының Қаратал, Панфилов, Ақсу, Ескелді, Алакөл аудандары мен Алматы облысы Қарасай ауданының ішкі істер бөлімдерінде басшылық құрамда еңбек етті.
2022 жылдың шілде айынан осы уақытқа дейін Ақсу аудандық полиция бөлімінің бастығы болды.
Еске салайық, Талдықорған қалалық полиция басқармасының осыған дейінгі бастығы Марат Күштібаев 15 қарашада қыз зорлады деген күдікпен екі ай мерзімге қамауға алынғаны хабарланды.
Осы күні Ішкі істер министрі Жетісу облысы Полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстановты қызметінен босатты. Сондай-ақ департамент бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Талант Жұмабек пен тергеу бойынша орынбасары Мақсат Ережепов те жұмыстан кетті.
Жетісу облысы ПД бастығының міндетін полиция генерал-майоры Арман Саданов атқарады. Бұған дейін ол ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаментін басқарған.