Ертең Алматыда «Бірлігіміз жарасқан» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталады
АНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ертең, 3 наурыз күні Алматыда «Бірлігіміз жарасқан» ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.
Бұл туралы сыйлық құрылтайшылары мәлім етті.
Күнделікті жасап жүрген қызметтерімен, жасаған ерліктерімен, қоғам мен елдің дамуына, азаматтардың бойына патриоттық сезімдерді ұялатуға сүбелі үлестерін қосып жүрген қарапайым тұлғаларды атап өту идеясы - Қазақстанның Азаматтық Альянсы, Қоғамдық саясатты дамыту институты, «Жасыл ел» ҚБ, «Үй» мейірімділік қоғамы, Қазақстанның Іскер әйелдері қауымдастығы, КТК және «Хабар» телеарналарына тиесілі.
Сыйлыққа номинанттарды ұсыну былтырғы жылдың қазан айында басталды. Жобаға барлығы 200-ден астам өтінім ұсынылып, олар бірнеше іріктеуден өтті.
Сыйлықтың қоғамдық кеңесі құрамында мәдениет, өнер және қоғам қайраткерлері - Әкім Тарази, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Айман Мұсақожаева, Сейтқазы Матаев, Раушан Сарсенбаева, Алексей Ломакиндер бар.
Үстіміздегі жылдың 15 ақпанында қоғамдық кеңес мүшелері сыйлықтың 10 лауреатын таңдап алды. Бірақ марапаттау рәсіміне дейін олардың есімдерін құпия сақтауды жөн көрді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ақтық додаға жеткен 20 азаматтың қалған 10-ы да құрмет пен марапаттан шет қалмайды.
«Барлық номинанттарға сыйлыққа қатысқаны үшін дипломдар жіберілетін болады. Мүмкіндік болса, әрбіреуін шақырар едік. Десек те, менің ойымша, қоғамдық комитет алдарына қойылған міндеттерді толығымен атқара алды, марапаттау рәсімі кезінде үздіктердің үздігі аталатын болады!», - дейді Қоғамдық саясатты дамыту институтының директоры, «Бірлігіміз жарасқан!» сыйлығын ұйымдастырушылардың бірі Шолпан Байболова.
Салтанатты шарада Роза Рымбаева, Толқын Забирова, Ақжол Мейірбеков, Бүркіт, «Ринго», «Орда» топтары және басқа да жұлдыздар ән мен биден шашу шашпақ.