Ертең Алматыда Жаңа жыл шыршаларының шамдары жағылады

АЛМАТЫ. 30 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Ертең Алматыдағы Оқушылар сарайында сағат 18.00-де Жаңа Жыл шыршасының шамы салтанатты түрде жағылады. Бұл туралы Оқушылар үйінің баспасөз хатшысы Раушан Жөкенова мәлім етті.

Ертең Алматыда Жаңа жыл шыршаларының шамдары жағылады

Шара бүлдіршіндерді қуанышқа бөлеп, Жаңа Жыл қарсаңында қала көркіне үлес қосу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Кеш Аяз Ата және Ақшақармен бірлесе әсем шырша шамдарын жағумен басталып, Оқушылар сарайы өнерпаздарының қатысуымен өтетін концертке ұласады.

Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімов және Медеу ауданының әкімі Махамбет Бейдәлиндер кеш қонақтары болады деп күтілуде. Сонымен бірге, Алматы қаласы білім басқармасының өкілдері, Оқушылар үйлерінің директорлары, Оқушылар сарайының ұжымы, интернаттар пен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері қатысады деп жоспарланған.

Сонымен қатар, бір уақытта қаланың барлық шыршаларының да шамдары жағылады деп күтілуде.