Ертең Алматыдан «Жеңіс пойызы» жолға шығады

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - 7 желтоқсанда Алматыда «Жеңіс пойызы» жолға шығады. Бұл шара Ресейдің Ржев қаласында қазақстандық 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасының жауынгерлеріне арналған мемориалдық ескерткіштің ашылуы аясында өткізіліп отыр, деп хабарлады Қазақстанның Ресейдегі елшілігінен.

Ертең   Алматыдан   «Жеңіс пойызы»  жолға шығады

Ескерткіш Жеңістің 65 жылдық мерейтойын тойлау аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес тұрғызылған болатын. «Жеңіс пойызы» акциясына қатысушылардың арасында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, қаза болған жауынгерлердің туған-туыстары, ардагерлер мен жастардың және басқа да қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар. Пойыздың жолы аталған атқыштар бригадасы жасақталған қалалар - Алматы және Ақтөбе қалалары арқылы, Қазақстанның Тараз, Шымкент, Қызылорда, Орал сияқты облыс орталықтары және Ресейдің елордасы -Мәскеу қаласы арқылы өтіп, Ржевке барады.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігі бастамаша болып отырған бұл акция «Нұр Отан» және «Біртұтас Ресей» партияларының қамқорлығымен, «Қазақстан темір жолы» және «Ресей темір жолы» компанияларының қолдауымен өткелі отыр.

Барлық үлкен стансаларда салтанатты жиындар, кездесулер өтеді, өнер ұжымдары концерт қояды. Ржевтегі Мемориал 12 желтоқсанда ашылады.

100- және 101- жеке атқыштар бригадалары 1942-1943 жылдары Тверь облысының аумағында «Марс» операциясының барысында болған жауынгерлік шараларға белсенді атсалысқан. Сол шайқастарда қазақстандық жауынгерлердің 80 пайызы жер құшқан.