Ертең Астана қалалық ІІД Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 21 жыл толуына орай іс-шара өткізеді
АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ертең елорданың Алматы аудандық ішкі істер басқармасы жеке құрамының ауған соғысы ардагерлерімен кездесуі өтеді. Бұл туралы Астана қалалық ІІД тіл саясаты және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Іс-шара барысында қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан ішкі істер департаменті қызметкерлерінің ескерткіші алдына гүл қою рәсімі өтеді.
"Қазіргі күні елорданың ішкі істер департаменті өздерінің ауған соғысы батырларын мақтан тұтады. Департаменттің 6-ы ардагері мен қазір қызметте жүрген 13 қызметкері бар", дейді Н.Ораз.
Оның айтуына қарағанда, олардың барлығы да «Ауған халқының атынан», «Қарулы күштерге 70 жыл", «Жауынгер-интернационалист», «Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 15 жыл» медальдарымен марапатталған. Сол бір сұрапыл соғыстарды бастарынан өткерген олар әскери міндеттерін абыроймен атқарып, елге аман-есен оралды және өз қызметтерін Астана қалалық ішкі істер органдары қатарында жалғастырды.
Айта кетейік, ағымдағы жылы Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 21 жыл толып отыр.