Ертең Астанада дәстүрлі Абай оқулары өтеді
АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - Ертең Астанада Абай ескерткішінің алдында дәстүрлі Абай оқулары өтеді.
Жиналған қауым алдында ұлы философ және ақынның образын ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Болат Әбділманов сомдайды. Сондай-ақ, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының актерлері өз шеберліктерін паш ететін болады. Абайдың өлеңдері мен ақынға арналған арнаулар молынан оқылып, әуелете шырқалатын іс-шараның көркін өздерінің әсем әуендермен Астана қаласы мемлекеттік филармониясының әншісі Гүлмира Сарина, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының солистері Жанат Шыбықбай мен Қияқбай Асанбаев көріктендіре түсетін болады.
Шара аясында қаланың орталықтандырылған кітапханалар желісі әзірлеген «Абайдың мұрасы - қазақтың ең қасиетті қазынасы» атты көрме өтеді.