Ертең Астанада дзюдодан халықаралық Grand Slam жарысы басталады

АСТАНА. KAZINFORM — Беделді турнирге әлемнің 49 елінен 400-ден астам дзюдошы қатысады. Олардың қатарында Олимпиада және әлем чемпиондары бар. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті. 

Ертең Астанада дзюдодан халықаралық Grand Slam жарысы басталады
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Ел астанасына қазірдің өзінде екі дүркін Олимпиада чемпионы Таканори Нагасе (Жапония), Рио-2016 жеңімпазы Рафаэла Сильва (Бразилия), Париж Олимпиадасының чемпионы Беатриз Соуза (Бразилия) және отандасымыз, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев және басқа да жұлдыздар келді. Бұл турнир — әлемдік дзюдо аренасындағы ең жоғары дәрежелі жарыстардың бірі.

— Ережеге сәйкес, жарысты қабылдаушы ел әр салмақта төрт спортшыға дейін қатыстыра алады. Бұл жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына және IJF әлемдік рейтингінде маңызды ұпайлар еншілеуіне жол ашады, — делінген хабарламада.

Турнирге Елдос Сметов бұл жолы құрметті қонақ ретінде қатысады. 

Жанкүйерлер қазақ спортындағы аңыз тұлғамен жүздесіп, естелікке суретке түсе алады.

Grand Slam жеңімпаздарына — 1000, күміс жүлдегерге — 700, ал қола медаль иегеріне 500 рейтингтік ұпай беріледі. Бұл ұпайлар Олимпиада жолдамасына талас жолындағы шешуші мәнге ие.

Аталған жарыс — Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіндегі әлем чемпионатына дейінгі соңғы ірі турнир. Ұлттық құраманың бапкерлері спортшылардың дайындығын осы сында нақты бағалай алады.

Жарыстар Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді және Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Кіру — тегін. 

Бұған дейін хабарланғандай, дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы елордада ашық жаттығу өткізді.

Соңғы жаңалықтар