Ертең Астанада «Қазақ елі» монументінің салтанатты ашылуы болады

АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат - Қазанның 20-ы  күні  Астанада  «Қазақ елі» сәулеттік-мүсіндік кешенінің салтанатты ашылуы болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ертең Астанада «Қазақ елі» монументінің салтанатты ашылуы болады

Бұл бірегей мәдени нысан бір жағынан алып қарағанда, қазақстандық сәулеттік шығармашылықтың қуаты мен биіктігін білдірсе, екінші жағынан тәуелсіз Қазақстанның тарихын, мәдениетін, жетістіктері мен қуатын бейнелейді.

Естеріңізіге сала кетейік, «Қазақ елі» монументін ҚР Президенті Н.Назарбаев қазақ елінің елордасы - Астананың 10 жылдық торқалы тойына орай 2008 жылғы шілденің 6-сында салтанатты түрде ашқан болатын. Ел Тәуелсіздігін бейнелейтін ескерткіш-стеланы идеологиялық-көркемдік тұрғыда одан әрі байытып, кеңейту тұрғысында мамандар тарапынан ұсыныс-пікірлер түскен соң, оны жаңа композияциялармен толықтыру турасында шешім қабылданды.

Жаңа кейіпте ұсынылғалы отырған кешеннің жоғарғы жағында самұрық құсы, ал іргесінде бір-бірін өзара толықтыратын төрт жеке мүсіндік барельеф бейнеленген. Олар - «Президент және Қазақстан халқы», «Қаһармандық», «Жасампаздық» және «Болашақ». Олардың ортақ тақырыбы - үзілмей келе жатқан ұрпақтар сабақтастығы мен өшпейтін өміршеңдік пен мұратшылдық.