Ертең Астанада жас орындаушылардың «Жас қанат -2009» республикалық байқауы басталады
АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ертең Астанадағы Конгресс-Холл сахнасында жас орындаушылардың «Жас қанат -2009» байқауы кезекті шымылдығын ашады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осымен 18-ші рет өткізілгелі отырған «Жас қанат» байқауы - жас таланттарды қолдауға бағытталған республикалық жоба. Биыл оған қатысуға ниет білдірген 60 үміткердің жүзден жүйрік шыққан 13-і ғана іріктеуден өтті. Негізгі іріктеуден кейін 13 жас Конгресс-Холлда «жанды» дауыспен ән айту дайындықтарынан тағы бір өтті.
Мамырдың 13-і күні «Джунгли» аниматроникстар театрында жеребе тасталып, үміткерлердің реттік нөмірлері анықталды. Байқаудың алғашқы екі күнінде (мамырдың 15,16) қазылар алқасының дауыс беруімен төрт-төрттен сегіз қатысушы додаға түседі. Үшінші күні (мамырдың 17-сі) қалған бес орындаушының қатысуымен гала-концерт өтіп, олардың тек үшеуі ғана байқаудың бас жүлделері ? «алтын», «күміс» және «қола» қанат мүсіншелеріне ие болады.
Биылғы жылғы қатысушылар - Әсел Әбдірахманова (Атырау), Гүлия Айдарханова (Павлодар), Ербол Ақбасов (Орал), Алёна Аллахвердиева (Петропавл), Әлия Әйіп (Алматы), «Батыс» дуэті (Ақтөбе), Төлеген Ғабдырахман (Астана), Тарас Жауымбаев (Орал), Таңат Жексенбаев (Батыс Қазақстан облысы), Татьяна Ким (Қостанай), Азамат Мекебаев (Астана), «Melo?men» тобы (Алматы), Әсем Омарова (Семей).Байқауды ұйымдастырушылар ? Астана қаласының әкімдігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Хабар» агенттігі және «Азия дауысы» дирекциясы. Жас орындаушылардың «Жас қанат» республикалық байқауы елімізде 1992 жылдан бері дәстүрлі өткізіліп келеді. 2001 жылдан бастап Астана қаласы әкімдігінің шешімімен байқау елордада өтеді.