Ертең ауа райына байланысты жолдар жабылуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңыздағы тасжолдарды пайдаланушыларға ескерту жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазгидромет» РМК мамандарының болжамына сәйкес, батыс циклон жырасы және атмосфералық фронталь бөлімдер әсерінен 18-20 ақпан аралығында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райының тұрақсыз сипаты күтіледі. Синоптиктердің айтуынша, ел аумағында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын, тұман, желдің күшейуі, көктайғақ және бұрқасын болады деп болжанған», - деп жазды ведомство.
Ауа райы күрт өзгеріп, қолайсыз болса төтенше жағдайларды алдын-алу үшін республикалық маңыздағы тасжолдардың жабылуы әбден мүмкін.
«Осыған орай, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұлттық операторы ауа райы болжамын жіті қадағалауға, күре жолдардың жабылғаны туралы хабарламаларды назардан тыс қалдырмауға және жабық жолға шықпауға шақырады.
ҚазАвтоЖол бөлімшелері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді», - делінген хабарламада.
Жолда қандай да бір келеңсіз жайтқа тап болғандар 1403 байланыс орталығына хабарласа алады. Байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істейді.