Ертең бокстан Астана мен Гавана құрамаларының жолдастық кездесуі өтеді

АСТАНА. Желтоқсанның 15-і. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Ертең, Тәуелсіздік күні «Дәулет» спорт кешенінде Астана мен Гавана құрамалары арасында бокстан жолдастық кездесу өтеді.

Ертең бокстан Астана  мен Гавана құрамаларының жолдастық кездесуі өтеді

Осыған орай, бүгін ҚР Әуесқой бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев елордаға арнайы шақырылған кубалық боксшылармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесудің негізгі мақсаты - Қазақстанда боксты өркендету, оның құрылымдық жүйесін қалпына келтіру, отандық бапкерлерді дайындау және қызығушылық танытатындай жаңа спорт орталықтарын ашу, сондай-ақ шетел спорт шеберлерімен тәжірибе алмасу болып табылады.

Оған Қазақстандағы Кубаның Төтенше және Өкілетті елшісі Абелардо Эрнандес Феррер, Куба бокс федерациясы президентінің кеңесшісі Сагарра Карон Алсидес, 3 мәрте Олимпиада ойындарының жеңімпазы, бокстан 5 мәрте әлем чемпионы Савон Фавре Феликс, 3 мәрте Олимпиада  жеңімпазы,  3 мәрте әлем чемпионы Стивенсон Лоуренс Теофило Франсиско және Гавана бокс федерациясының президенті Ейчасабаль Перез Мануель Леонардо қатысты.