Ертең еліміз бойынша «Өзіңнің қан қысымыңды біле жүр» акциясы өтеді

АЛМАТЫ. 16 мамыр. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ертең елімізде «Өзіңнің қан қысымыңды біле жүр» акциясы өтеді, онда тілек білдіргендердің бәрі медицина мекемелері мен халық көп жиналатын орындарда өзінің артериалдық қысымын өлшей алады.

Ертең еліміз бойынша «Өзіңнің қан қысымыңды біле жүр» акциясы өтеді

Бұл жайында бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында "Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары" Ұлттық орталығының директоры Сәуле Диқанбаева мәлім етті.

Аталған шараға келушілердің қан қысымы жоғары екендігі анықталған жағдайда мамандардың кеңесін ала алады. Акция «Гедеон Рихтер» және «Никомед» компанияларының қолдауымен өткізілмек.

Медицина мамандары Дүниежүзілік гипертониямен күрес күніне орайластырылып отырған акция тұрғындардың өз денсаулығына назар аударуына септігін тигізеді деп есептейді.

«Артериалдық қысымы жоғары адамдардың 50 пайызы өзінің ауыратыны туралы білмейтіні анықталды. Бастың жиі ауыруы гипертонияның белгісі болуы мүмкін, бірақ оған көбінесе көңіл аудурылмайды немесе кәдімгі шаршағандықтың белгісіндей сезіледі. Артериалдық гипертониямен жас адамдар да көп сырқаттанатын болды. Онымен сырқаттанудың көбеюіне темекі шегу, арақ-шарапты шамадан тыс көп қолдану, дененің артық салмағы, дұрыс тамақтанбау, аз қимылдау, күйзеліске түсу сияқты қауіпті факторлар да ықпал етеді», - дейді Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бас кардиологы Жәмила Алдабекова.

Гипертония ауруынан емделудің табысты болуы дәрігердің көмегіне жүгіну және дәрілік препараттар қолданумен қатар көп жағдайларда адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігіне де байланысты болады екен. Аурудың алдын алу үшін әр адам артериалдық қысымын жүйелі түрде бақылауы, салауатты өмір салтын ұстануы, темекі шекпеуі, көкөністер мен жемістерді көбірек жеуі, майлы және тұзды тағамдарды аз пайдалануы, арақ-шарапты ішпеуі тиіс. Мамандардың айтуынша, артериалдық гипертонияның алдын алуда жүйелі түрде скринингтік тексеруден өтудің маңызы зор, оның ауқымына қауіптілік факторларын бағалау, міндетті түрде артериалдық қысымды өлшеу және зертханалық зерттеулер жүргізу кіреді.