Ертең елорда тұрғындары #Birge #TazaQazaqstan тазалық акциясына қатысады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ертең елорда тұрғындары #Birge #TazaQazaqstan тазалық акциясына қатысады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ертең елорда тұрғындары #Birge #TazaQazaqstan тазалық акциясына қатысады

Ондағы мәліметтерге қарағанда, қоршаған ортаны тазартуға арналған «Бірге - Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қызығушылық танытқан азаматтардың кеңінен қатысуына байланысты қала әкімі Алтай Көлгінов қосымша екі орынды - Майбалық көлі мен Вячеслав су қоймасын қосуды ұсынды,

Олармен қатар 27 шілдеде елордада акция аясында Есіл және Қарасу өзендерінің жағалауларын тазарту жұмыстары жүргізілетін болады. 1500-ден астам табиғат жанашырларының қатысуы жоспарланған. Қатысқысы келетіндердің барлығына Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі сағат 9.00-де Б.Момышұлы даңғылы, 1 мекенжайы бойынша орналасқан «Astana Music Hall» мейрамханасының тұрағында отырғызу жүргізіледі.

«Акцияның басталуы - 10.00. Барлық астаналықтарды жақындары, балаларымен бірге келіп, туған қалаларының игілігін көруге шақырамыз!», делінген хабарламада.

Айта кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдап, халықтың экологиялық мәдениеттілігін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына еріктілерді тарту жөнінде тапсырма берген болатын.

Артынша министрліктің бастамасымен #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясы жарияланып, аталмыш акция аясындағы шараларға Үкімет басшысы Асқар Мамин де қатысқан болатын.

«Мен бұл акция бүкіл Қазақстан бойынша жалғасатынына сенімдімін. Бұл жобаны Қазақстан аймақтарында дамытуға шақырамын. Акция жалпыхалықтық сипат алып, елдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына жол ашады деп сенемін», - деді Асқар Мамин.