Ертең елордада Алматы облысының күндері басталады
АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Астанада 25-26 қазан аралығында Алматы облысының күндері өткізіледі.
Алматы облысының күндері аясында Астанадағы «Жастар» сарайы аумағында Алматы облысы мен оның барлық 19 ауданының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің ауыл шаруашылық жәрмеңкесі, сонымен қатар күзгі алмалар фестивалі өткізіледі.
Жәрмеңкеде 177,2 млн. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдерінің 50-ден астам түрі сатылады, оның ішінде 90,5 тонна ет өнімдері, 160 тонна көкөніс, 74 тонна жеміс, 100 тонна картоп, 0,5 тонна сүт өнімдері, 2,1 тонна ұлттық өнімдер, 20 тонна балық өнімдері мен 190 тонна өзге де тауарлар бар. Тауарлар Астана қаласының көтерме және коммуналдық базарларының бағасынан 15-20 пайыз төмен бағада сатылады.
Сонымен қатар, аймақтар күні аясында елордалықтар назарына түрлі мәдени шаралар да көптеп ұсынылады.
Мәдени бағдарламаның қорытындысында Бейбітшілік және келісім сарайында үш облыстың өнер шеберлерінің гала-концерті өтеді.